Станцияның бұрынғы күзетшілері 102 мың метр кабель ұрлаған
Жуалы ауданының полицейлері 63 млн теңге залал келтірген ұрлықты ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПД хабарлауынша, оқиға 2019 жылы желтоқсан айында «Бурное-Солар 2» күн электр станциясының аумағында болған.
«Желтоқсан айының басында электр станциясының әкімшілігі 102 мың метр кабель ұрланып, 62,6 млн теңге залал келтірілгенін хабарлады», - дейді ПД өкілдері.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 бен 47 жас аралығындағы 4 адамды қамауға алды. Олар 2018-2019 жылдары «Бурное-Солар 2» күн электр станциясында күзетші болған.
«Ұсталғандар толығымен өз кінәсін мойындады және уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұрланған мүлік иесіне қайтарылды», - деді ПД өкілдері.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.