Қостанай облысында 3 баланың өліміне себеп болған өрттің алдын ала себебі анықталды

Azattyq Rýhy

Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Қостанай облысында 3 баланың өліміне себеп болған өрттің алдын ала себебі анықталды
Фото ашық дереккөзден

Қостанай облысында 3 баланың өліміне себеп болған өрттің алдын ала себебі анықталды. Өрт ұялы құрылғыны қуаттау кезінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығы Біржан Кәрімов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сымнан тұтанған жалын ас үй бөлмесіндегі жұмсақ жиһаз бен басқа да заттарға таралады. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін көршілері үш бүлдіршінді эвакуациялап, тағы бір бала өз бетінше терезеден шыққан. Бұл уақытта олардың ата-анасы жұмыста болған. Өкінішке қарай, үш бала орталық аудандық ауруханада қайтыс болды. Орташа дәрежеде иіс тиіп, тірі қалған тоғыз жасар бала ауруханада жатыр. Еске сала кетейік, оқиға 31 наурыз күні болған еді .

 «Өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабы 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды, себебі мен ошағын анықтау үшін өрт техникалық сараптамасы тағайындалды», - деді Б. Кәрімов.

Сондай-ақ, департамент бастығы облыста өрттің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жағдайдың күрделі күйде қалып отырғанына тоқталды. Бұл ретте бір ғана профилактикалық жұмыстың аздық ететінін айтты.

Атап өткеніндей, өртке тұрғын үйдің ескіруі, электр сымдарының тозуы, өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарының еленбеуі, спирттік ішімдіктерді асыра пайдалану және балаларды қараусыз қалдыру сияқты бірнеше жағдай себеп болуы мүмкін.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.