Пандемия кезінде салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бюджет 4 есеге қысқарды – А.Ғиният
Нәтижесінде халықтың хабардар болуының 2018 жылғы 67%-дан 2021 жылы 15%-ға дейін төмендеуіне әкелді

Мемлекеттік тапсырма аясында салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығына биыл республикалық бюджеттен 147 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ал коронавирус инфекциясының пандемиясы кезінде салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бюджет 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе қысқарды (512 млн теңгені құрады). Бұл халықтың салауатты өмір салты туралы хабардар болуының 2018 жылғы 67%-дан 2021 жылы 15%-ға дейін төмендеуіне әкелді.
Бұдан бөлек министр қазіргі проблемаларды ескере отырып және халықтың салауатты өмір салты дағдыларынан хабардар болуын арттыру үшін өткен жылдың соңында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілгенін атап өтті.
«Психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау бойынша қызмет көрсету үшін жастар денсаулық орталықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар көзделген, осы мақсатқа биыл жалпы саны 166 жастар орталығына шамамен 1,7 млрд теңге көзделген», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі балалардың семіздігін, оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығына әсер ететін өмір салтын эпидемиологиялық қадағалау, жастардың арасында психобелсенді заттарды қолдану және 13-15 жастағы балалар мен ересектерге темекі өнімдерін тұтыну туралы жаһандық сауалнама жүргізу және басқа да іс-шаралар бойынша зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін 19%-дан 45%-ға дейін ұлғайту, халық арасында 15 жастан бастап темекі шегудің таралуын 21,5%-дан 19%-ға дейін төмендету, 100 мың адамға шаққанда балалардың арасында (0-14 жас) семіздікпен сырқаттануды 95,7-ден 90-ға дейін төмендету күтілуде», - деді өз баяндамасында министр.