Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде
Түркістан облысында браконьерлерден заңсыз ауланған 26 құстың еті тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Созақ ауданының полицейлері Ақжар көлінің маңында аңшылық құрып жүрген екі азаматты ұстады. Ордабасы мен Төлеби ауданының тұрғындары заңсыз қаз және үйрек құстарын аулау үшін өңірге арнайы дайындықпен барыпты. Полицейлер айғақты зат ретінде браконьерлерден 2 дана аңшы мылтығын, 1 қайық, 18 дана қаз, 8 дана үйрек етін тәркілеген.
«Күдіктілер өз сөзінде Созақ ауданына аңға шығу мақсатында келгендерін жеткізді. Алайда олардың аң атуға рұқсат қағаздары болмай шықты», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда құқық бұзушыларға қатысты ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.