Тұрғын үй кешеніне 145 отбасы үлескер ретінде ақша салған
Шымкентте «Көк жайлау-2» тұрғын үй кешеніне ақша салған үлескерлер шу шығарды. Айтуларынша, олар екі жыл бұрын берілуі тиіс пәтер кілтіне әлі қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Құрылыс басталғалы бірнеше рет инвестор ауысты дейді. Салымшылар мәселесін айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже шықпапты.
Бұл пәтерлер 2020 жылдың тамызында таза, әрлеуімен берілуі тиіс болған. Бірақ көріп тұрғанымыздай, әлі қара сылағымен тұр. Тіпті есіктері де салынбаған. Күте-күте төзімі таусылған салымшылар осы күйінде де кіруге әзір. Бірақ бірде бірінің қолында келісімшарт жоқ. Бұл пәтерлердің құны да өзгелерден қымбат. 2019 жылғы бағамен есептегенде, әр шаршы метрі 260 мың теңге. Өзге үйлер 160-180 мың теңге тұрғанда ішкі әрлеуімен және ішінара жиһазымен беріледі дегенге қызыққандарын айтады үлескерлер. «7-20-25» бағдарламасы бойынша кемі 20 -30 пайыз төлем жасап қойған. Кейбірі тіпті ақшаны 100 пайыз төлеп қойған.
Тұрғын үй кешеніне 145 отбасы үлескер ретінде ақша салған. Пәтерде жүріп шаршадық деген олар, есік пен мен еденді өзіміз салып, тұсқағазды да өзіміз жапсырып аламыз дейді. Бірақ сонда да пәтерлерінің кілтін ала алмай жүр.
Тұрғын үй кешенінің қазіргі құрылтайшысы Рамазан Шахид туындаған қиындықтарды пандемиямен байланыстырады. Сондықтан кейбір мәселелерде түсініспеушіліктер болды дейді.
Құрылтайшы үлескерлердің арасында үйді дәл қазіргі жағдайымен аламын дегендерге пәтер кілті біртіндеп берілетінін айтады. Ал таза, әрлеуімен алғысы келетіндер төрт-бес ай күтуі керек дейді.