Экологтар Ертіске құлаған вагондарда не болғанын айтты
Алты вагонның біреуінде руда, бесеуінде қож болған
Шығыс Қазақстан облысының экологтары 3 сәуірде Ертіске құлаған вагондарда не болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Экологтар Өскемен-Құмыстау теміржол учаскесінде 18 вагон рельстен шығып, оның алтауы Ертіс өзеніне құлап кеткен оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Алты вагонның біреуінде руда, бесеуінде қож болған. Ол әдетте өңделген шахтаның бос жерлерін толтыру үшін инертті материал ретінде пайдаланылады. Бұл әлеуетті қауіп төндірмейді", - деді ШҚО экология департаменті басшысы Данияр Әлиев.
Ол мамандар ықтимал зиянды анықтау үшін сараптамаға су сынамасын алып қойғанын айтты.
Данияр Әлиевтің айтуынша, қазір мамандар судағы ауыр металдардың: қорғасын, мырыш және мыстың химиялық құрамы бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Мұнымен "Қазгидромет" РМК қызметкерлері айналысады. Олар оқиға орнына барып, су сынамасын алып қойған.
"Зерттеудің алғашқы нәтижелері таңертең дайын болуы керек", - деді Данияр Әлиев.