Нөсер кәрізінің қуатын кеңейту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр

Azattyq Rýhy

Алтай Көлгінов нөсер кәрізінің құрылысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында нөсер кәрізінің құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Елорданың күн санап көркейіп келе жатқанын ескерер болсақ, нөсер кәрізінің құрылысы өте өзекті бағыт болып саналады. Қазіргі қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты аздық ететіндіктен жаңаларын салу бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Нөсер кәріздерінің бір бөлігі салынып болды. Бүгін қаланы аралау барысында жобаларымыздың біріне бардым. Жүргізіп жатқан жұмыстарымызға толығырақ тоқталып өтейін:

Бірінші. Жастар шағын ауданындағы кәріз суын тазарту ғимараты

Жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жөндеумен айналысатын кәріз суын тазарту құрылысын салдық. Жаңа құрылыстардың қуаты – тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған нысан Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінде, Республика даңғылында, Тәуелсіздік даңғылының жоғарғы бөлігінде су басу проблемасын шешті.

Бұл қондырғының ерекшелігі – Есіл өзеніне жаңбыр мен еріген қар суы құйылар алдында тазартылады. Ал бұрын өзенге тікелей құйылатын, бұл өз кезегінде өзен суын ластап қана қоймай, қаланың экологиясына да теріс әсер ететін. Тазарту қондырғысы өткен жылдың күзінде іске қосылды, ал биыл абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз – тазарту қондырғысы жер астына орнатылғандықтан, оның үстіне гүлзар отырғызып, маңайын көгалдандырамыз.

Екінші. Б.Момышұлы даңғылындағы магистральді коллектор

Өздеріңізге мәлім, жаңбырлы күндері су астында қалатын ең проблемалы учаскелердің бірі – Б. Момышұлы даңғылы болатын. Қазір бұл жерде нөсер кәріздерінің магистральдық коллекторының құрылысын аяқтадық. Бұл нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Бауыржан Момышұлы даңғылын кесіп өтеді) жалғасады. Жаңа нысан қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Үшінші. Елді мекендердегі тазарту құрылыстары

Осыған дейін Тельман елді мекенінде тазарту қондырғылары мен магистральдық коллектор салу жұмысы аяқталған болатын. Қуаттылығы – тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру Тельман елді мекенін, №27 көшенің бойындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан аумақты және т.б. қамти отырып, жер үсті ағындарын бұрып әкетуді қамтамасыз етті.

Сол сияқты кәріз суын тазарту құрылыстары Пригородный елді мекеніне және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық ауданына да салынды. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағындағы екі учаскеде нөсер кәрізі мәселесі шешілген болатын.

Төртінші. Құрылысы жүріп жатыр

Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі) сорғы станциялары бар нөсер коллекторының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Себебі оның функциясын соңғы жылдары тұрмыстық кәріз жүйесі орындап келген, ол тіпті бірнеше рет істен де шықты. Жаңа нөсер кәрізі жаңбыр суының өткізу қуатын еселеп арттыруға, жақын маңдағы көшелер мен үйлерді су басудан сақтауға мүмкіндік береді.

Сол сияқты жаңа вокзал аумағы жыл сайын инфрақұрылым мен инженерлік желілерге күш түсіретін ауданға жататынын ескерсек, бұл ауданға да нөсер кәрізі салынатын болады. Бұрын проблемалары болған, қазір бәрі реттеліп, құрылысы қайта жанданды. Бұл нөсер кәрізінің қуаты Мыңжылдық аллеясы мен вокзал ауданына түсетін күшті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл аумақта құрылысы қарқынды жүретіні ескеріліп, есептелетін болады. Сол сияқты Ұлы Дала даңғылында орналасқан нөсер кәрізінің проблемалы учаскесін аяқтау қажет.

Нөсер кәрізі мен жаңбыр суын тазартатын құрылыстың көлемін, қуатын кеңейту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр», – деп жазды елорда әкімі.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.