Қарағанды әкімі мердігерлерден жолдарды қайта жөндеуді талап етті

Azattyq Rýhy

Ал мердігерлер өз кезегінде жергілікті климаттық жағдайға төтеп бермейтін битум сапасын сынға алып отыр

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды қаласы әкімдігінде өткен жиында жолдардың жағдайы талқыланды. Қала басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мердігерлерді ғана емес, техникалық қадағалауды да сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жылда осылай! Жұмыс істей алмасаңыздар неге тендерге қатысасыздар? Онда нарықтан кетіңіздер, басқалар бар», – деп ескертті Ермағамбет Бөлекпаев. 

Ол жұмыс барысында ақауларды көзден таса еткен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты іс қозғауды талап етті. 

Ал мердігерлер өз кезегінде жергілікті климаттық жағдайға төтеп бермейтін битум сапасын сынға алып отыр. 

Жиында жөндеуден кейін асфальты үгіліп, шұңқырлар мен жырықтар табылған әрбір көше талқыланды. 

«Біздегі ортақ жол желісі – 920 шақырым. Оның 104,1 шақырымына кепілдік қызмет көрсетіліп отыр. Барлығы 62 учаскеге кепілдік берілген. Бүгінгі күні көктемгі тексеру жұмыстары басталғанға дейін алдын ала 10 учаскеде ақау бар екені анықталды», - деп мәлім етті коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы м. а. Рүстем Қожақапанов.

Оның сөзінше, автопарктермен бірлесе отырып жүргізушілер ең көп шағымданатын жолдардың тізімі жасалған. Оған Қазыбек би ауданында 10, Әлихан Бөкейхан ауданында 11 нысан енген. Мердігерлерге асфальтты қалпына келтіру тапсырылды. Жұмыс ауа райы қолайлы болған кезде басталуы керек. Ал бұған дейін уақытша шаралар қабылданады – шұңқырлар таспен жабылады. 

Қалада қар тазалау және шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ермағамбет Бөлекпаев бұл жұмысқа мүмкіндігінше бүкіл күшті жұмылдыруды, сондай-ақ нөсер ағынын уақтылы тазалауды тапсырды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.