Қазақстанда барлық пойызда мүгедек жандарға арналған вагон пайда болады

Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр

2024 жылдың басынан бастап облыстар арасында қатынайтын барлық пойыздың құрамында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагондар жүретін болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ИИДМ өкілінің ақпаратына сәйкес, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «кедергісіз орта» құру бойынша жұмыс шеңберінде Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес еліміздегі 300 теміржол вокзалы мен станцияның 136-сы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген.

«Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға, оның ішінде балаларға теміржол көлігінде жол жүру құны 50% жеңілдік қарастырылған, ал «Тұлпар-Тальго» пойыздарында арнайы орындарға билеттерді ресімдеу 70% жеңілдікпен жүргізіледі», - дейді Берік Камалиев.

Б. Камалиев министрлік «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына түзетулер әзірлегенін атап өтті. Түзетулерге сәйкес қалалық маршруттар бойынша қатынайтын жаңа автобустар мүмкіндіктері шектеулі жандарға бейімделуі тиіс деген талап көзделеді. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында.

«Республика бойынша тұрақты қалалық маршруттарда 300-ге жуық тасымалдаушы жұмыс істейді, автобус паркінде 10770 көлік бар. Олардың 4515-і немесе 30%-ы халықтың қауқары аз топтарын тасымалдауға бейімделген. Сонымен қатар өңірлерде жалпы саны 375 автокөлігі бар 119 инватакси қызметі жұмыс істейді», - деді вице-министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.