Оқу ордасын BI Group құрылыс компаниясы салған
Алматы қаласы Алатау ауданындағы Томирис ықшам ауданында өткен жылдың 21 желтоқсаны күні бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен ашылған №205 жалпы білім беретін орта мектеп қаңырап бос тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ашылу барысында оқу орындары өзінің алғашқы оқушыларын келесі тоқсаннан бастап қабылдайтыны айтылған болатын. Бірақ одан бері үш ай өтсе де жаңа үлгіде салынған №205 мектеп сол күйі тұр.
«Мен осы ауданның тұрғынымын. Әкім келіп, жаңа мектеп ашылған кезде қуанышымыз қойнымызға сыймаған еді. Лентасын қиып ашқан екен, енді не себепті жұмыс істемей тұр?! Мектеп ішіне кірейік десек күзетшісі «кіруге рұқсат жоқ» деп жібермейді, есіктерінде күні-түні құлпы тұрады. Жұмыс жүріп жатыр дейін десеңіз, ешқандай жұмысшы байқалмайды. Сонда осынша ғимаратта кім үшін салды? Енді не үшін бос ұстап отыр?! Менің екі балам мектепке барады, оларды күнде анау Тастақ ауданындағы мектепке тасимын. Шаңырақта орын жоқ. Дәл үйдің іргесіндегі мектепті іске қосса, бізге де жақсы болар еді ғой. Биыл балалар бұл мектепке бара алмайды екен, тележурналистерді шақырып, әкімді әкеліп, сонша даурықтырудағы мақсаттары не болғанын түсіне алмадым», - деді аудан тұрғыны Анар Қалмұханқызы.
Редакция тілшісін де мектеп күзетшісі ішке кіргізбеді. Айтуынша, директор орнында емес, оқу ғимаратында өзінен басқа ешкім жоқ.
«Сіздерді ішке кіргізе алмаймын, арнайы рұқсат қағазы керек. Мектептің не себепті жұмыс істемей тұрғанын директордан сұраңыздар. Жалпы директор күнде осында келіп отырады, бірақ дәл қазір ол кісі жұмыста емес. Қалған сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын», - деді күзетші.
Осы аралықта мектеп сыртында тұрған көліктен бір ер адам түсіп, өзін оқу ғимаратын салған мердігер компания «BI Group» диспетчерімін деп таныстырды. Айтуынша, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған, енді әкімдік өкілдерінің қабылдауын күтіп жүр.
«Біздің басшымыз еңбек демалысында. Мектеп құрылысы аяқталды, жұмысты бізден қабылдап алуы тиіс әкімдік өкілдерін күтіп отырмын. Олардың қашан келетінін білмеймін. Мердігер компания тарапынан барлық жұмыс аяқталған. Мектептің не үшін іске қосылмай жатқаны бізге де белгісіз», - деді диспетчер Бексұлтан.
Azattyq Rýhy редакциясы №205 мектептің не себепті іске қосылмағанын анықтау үшін қалалық Білім басқармасына ресми сұрау жолдады. Жауаптар қосымша жарияланатын болады.
Айта кетерлігі, жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Яғни, жобалау кезінде оқу орындары жаңа стандарттарға сай әзірленген.
Айта кетейік, оқушының мектепке кірген-шыққанын ата-анасына хабарлап отыратын заманауи құралдармен жабдықталған мектеп осымен төрт айдан аса уақыт қаңырап бос тұр.