Мажоритарлық жүйе халықтың сайлауға деген сенімін қайта оятады – саясаттанушы
Расул Жұмалы бұл жүйенің саяси партиялары жетіліп, толықтай қоғамдық сенімге ие болып үлгермеген елдер үшін қолайлы екенін айтты
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделін енгізу керектігін айтты. Бұл ретте 70/30 қатынасында Мәжіліс құрамы аралас жүйе арқылы құрылады, яғни депутаттардың 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына кандидаттардың 50% мажоритарлық, 50% партиялық тізімдер бойынша, аудандар мен қалалардың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
Жалпы сайлау жүйесіндегі мұндай саяси өзгеріс қандай нәтиже береді? Бұл модель халықтың сайлауға деген сенімін қайта оятуға әсер ете ме? Саясаттанушы Расул Жұмалы Azattyq Rýhy тілішісіне берген сұхбатында осы мәселеге қатысты ойымен бөлісті.
Сарапшы ең алдымен сайлау жүйесінің мұндай тәсілі Қазақстанға таңсық емес екенін айтты. Алайда кейбір себептерге байланысты мажоритарлы сайлау жүйесі еліміздің саяси алаңынан алынып тасталды.
«Бұл бір жаңашылдық емес, бұл біздің тәжірибемізде бар нәрсе. Сондықтан да эмоцияға салынбай, меніңше қоғам да түсіністікпен қарауы керек. «Анау алдап кетеді, мынау сатқын, ешкімге сенуге болмайды» дегеннен гөрі мұны іс жүзінде байқап көру керек. Анау да жаман, мынау да жаман деп отыра берсек, өркениетті түрде даму мүмкін болмайды. Бізде 90 жылдардың аяғына дейін мажоритарлық жүйе қалыптасқан болатын. Жалпы сайлаудың бұл тәсілі көптеген елдерде бар. Әсіресе саяси партиялары толық жетіліп, толықтай қоғамдық сенімге ие болып үлгермеген елдерде бұл қолайлы жүйе. Бізде қазір саяси алаңда әзірге 7-8 ғана партия бар. Бірақ оларға деген сенім, олардың бағдарламасына деген түсіністік жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Сондай-ақ, нақты тұлғаны көрмей тұрып, жалпылама партияға дауыс беру ыңғайсыздау. Сондықтан да осындай жүйе енгізіліп отыр.
Мұндай ұсыныс сол 2000 жылдардың басынан бері айтылып келе жатыр. Оның үстіне оппозиция тарапынан да бұрынғы мажоритарлық жүйені жартылай болса да қайтару жөнінде ұсыныстар болды. Яғни мұндағы мақсат сайлауға деген халықтың сенімін қайтару. Сол арқылы қоғам болсын, халық болсын мемлекетті басқарудағы белсенділігін және сенімін арттыруға жол ашылады», - дейді сарапшы.
Халықтың сайлауға деген сенімсіздігі мен немқұрайлы көзқарасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте айтып өтті. Расул Жұмалы мұны бірнеше фактормен байланыстырды.
«Шыны керек соңғы 10-20 жыл ішінде сайлауға деген халықтың сенімі өте қатты төмендеп кетті. «Біздің дауысымыз бірнәрсені шешеді, біз де ықпал ете аламыз-ау» деген ой жойылды деуге болады. Көп адам сайлауға бармайды, бақыламайды, немқұрайлы қарайды. Әрине, оның да өз себептері бар. Басқа да былықтары жетерлік. Оның ішінде Орталық сайлау комиссиясын да атап өтуге болады. Бірақ гәптің бірі осы мажоритарлық жүйенің алынып тасталуымен байланысты. Қазір аталған модельді қайта енгізу бұл – демократияның нышаны. Бұл өзгеріспен барлығы әп-сәтте түзеліп кетеді деу дұрыс болмас. Басқа да қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, жаңа саяси күштердің тіркелуі. Яғни жаңа саяси партиялардың пайда болуына қатысты бірқатар шектеулер алынып тасталып жатыр. Мұндай қадамдар шын мәнісінде қажет. Өйткені, осылайша біз сайлауға деген қызығушылықты оятамыз. Айналып келгенде, біз үшін маңызды мәселе - елдегі көптеген түйіткілдерді шешу. Мәселен дағдарыс, бағаның шарықтауы, билікке көңіл толмаушылық, митинг деген сынды дүниелер.
Өкінішке қарай, біздегі саяси институттар жетілмегендіктен, халықтың наразылықтары көше алаңдарында өткізіліп жатыр. Қаңтар оқиғасы соның бірден-бір дәлелі. Басқа тетіктер бізде жұмыс істемейді. Ал осы саяси өзгеріс арқылы наразылықтарды шешудің өркениетті жолдары ұсынылады деген ойдамын. Иә, көшеге ешкім жетіскеннен шықпайды, оның басқа амалы болмаған шығар. Бірақ осындай саяси тетіктерді жетілдіру арқылы бұл мәселелер оң шешімін табуы мүмкін», - дейді Расул Жұмалы.
Сонымен қатар, елімізде Саяси партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылады. Оның ішінде тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету; өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін төмендету; партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; филиалдарды құру мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту; құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту көзделеді.
Саясаттанушы біздегі елдегі саяси партиялардың ақсап тұрғанын айтады.
«Саяси партиялардың аты бар, алайда олардың құрамына ену немесе оны құру қиынға соғады. Ал жаңа модель осындай қордаланған мәселелерді шешуге сеп болмақ. Яғни елдегі наразылықты айқай-шумен емес, саяси мәдениетті түрде шешуге де болады. Бұл демократиялық елдерде қалыптасқан осындай практика. Оларда да проблемалар бар, алайда оларда наразылық қантөгіске жетпейді. Мемлекет басшысы қазір осындай мүмкіндікті біздің қоғамға беріп отыр. Бұл ретте барлығын тек билікке жүктеп қоюға болмайды. Елімізде көптеген саяси белсенділер, саяси топтар бар. Қазірдің өзінде бірталай белсенділер өздерінің партияларын құрып, бағдарламаларын ұсынып отыр. Саяси партиялардың саны көбейгені дұрыс. Өйткені сан болғаннан кейін, сапа да жақсы болады. Оның үстіне бәсекелестік те арта түседі. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де болатыны сөзсіз», - дейді ол.
Мажоритарлық жүйенің басты тиімдігі партиядан тыс адамдар да депутаттық мандатқа үміткер бола алады. Осы орайда бұрынғы талаптарға да түбегейлі өзгерістер енгізілетіні сөзсіз.
«Парламентке оппозиция еніп кетпесін деген мақсатта сонау 2000 жылдардың басында бірқатар шектеулер енгізілген еді. Мәселен кандидаттың мемлекеттік қызметте брінеше жыл еңбек өтілі болуы тиіс деген талап болды. Қазір мұндай талаптар алынып тасталып жатыр. Бастысы кәмелетке толған, мемлекеттік тілді білетін, бұған дейін сотталмаған болса жеткілікті. Яғни кез келген кәмелетке толған, қолынан іс келетін азамат өзін өзі ұсына алады немесе оны қолдаушы топ ұсынады деген сөз. Бірақ әрине ол жай адам емес, саяси сауатты азамат болуы тиіс. Меніңше бұл өте жақсы мүмкіндік. Ал кім барады, кім бармайды оны белсенділер өздері шешсін», - дейді сарапшы.
Өз сөзінде Расул Жұмалы қазіргі жүйенің конституциялық нормаларға қарама-қайшы екенін атап өтті.
«Бұған дейінгі сайлауда жүйесінде пропорционалды модель қолданылды. Тиісінше депутаттық мандат тек саяси партия мүшелеріне ғана бұйырды. Бізде Қазақстанда 19 млн халқымыз болса, солардың 10 пайызы ғана саяси партиялардың мүшесі. Бұл конституциялық тұрғыдан қарағанда әділетсіздік. Яғни парламенттегі орынға отыру күрделі процесс болды. Конституцияның ең негізгі талабы - барлығы тең болуы тиіс. Ал қазіргі жүйе оған қарама-қайшы. Бізде бірде-бір партияға тіркелмеген белсенді азаматтар бар. Мәселен олардың ешбір партияға көңілі толмаған делік. Ондай азаматтардың да сайлауға түсуге мүмкіндіктері болуы тиіс. Мажоритарлық жүйе осыны көздейді», - дейді ол.
Саясаттанушы саяси партиялар жарыс алаңындағыдай бәсекелестікте жұмыс істеуі керектігін айтты. Тек сонда ғана ең ұшқыр ойлар, лайықты тұлғалар сұрыпталады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Парламент Мәжілісіне заңдар қабылдау құқығы берілетінін айтты. Дәл осындай сәтте қоғам арасында Мәжілістің қазіргі құрамы бұл міндетті атқаруға қаншалықты қауқарлы екені талқылануы мүмкін. Алайда Расул Жұмалы қазіргі уақытта төменгі палатаны тарату тиімді еместігін айтты.
«Осыдан бір жыл бұрын ғана бізде мәжіліс сайлауы өтті. Бұл заң бойынша өткізілуі тиіс сайлау және ол соған сай өтті. Формалды болса да барлығы заң талабына сай болды.
Дәл қазіргі сәтте мәжілісті тарату деген өзімізді құрметтемеудің көрсеткіші деп ойлаймын. Өйткені, өзіміз сайлауды өткіземіз де, оны өзіміз таратамыз. Бұл ең алдымен өз еліміздің заңдарын аяқпен таптау дегенді білдіреді. Меніңше, соңғы құрамда қолынан іс келетін бірқатар азаматтар бар. Олардың қатарында Берік Әбдіғали, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым сияқты қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген азаматтарды атап өтуге болады.Бұған дейін оппозиция мен балама пікірді ұстанғандар да парламенттен орын ала бастады. Мұның өзі де жақсы көрсеткіш. Саяси үрдіс деген бірден қалыптаса салмайды, ол ақырындап жүзеге асырылады. Мәжілістің қазіргі құрамын алдыңғысымен салыстырғанда сапасы әлдеқайда жоғары деп айтар едім. Қысқаша айтқанда қазір Мәжіліске жан бітті, онда түрлі дискуссия да пайда бола бастады. Бұрындары көтерілмеген проблемалар ашық айтыла бастады. Мұның өзі кішігірім жетістік», - деді Расул Жұмалы.