$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда күзде жөнделген көпір қайта бүлініп жатыр

Шұрық-тесік көпірді әкімдік қызметкерлері құммен жауып қойған 

Петропавлда күзде жөнделген көпір қайта бүлініп жатыр

Петропавлда жарты жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен көпір қайта бүлініп жатыр. Былтыр өткелдің деформациялық тігістері сөгіліп, бюджеттен бөлінген 21 млн теңгеге қалпына келтірілген еді. Жөндеу жұмыстары 3 айға созылды. Нысан жабылып, тұрғындардың қатынасы қиындады. Бірақ ақау толық жойылған жоқ. Жұмысын жауапсыз атқарған мердігердің кесірінен көпір қайтадан шұрық-тесік күйге түсті. Ал оны әкімдік қызметкерлері құммен жауып қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«КӨПІР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛГЕНГЕ ДЕЙІН ЖАҚСЫ ЕДІ...»

Өткел қаланың орталығын Жұмысшы кентімен байланыстырады. Ол 2014 жылы толықтай жаңаланған болатын. Бұл мақсатқа қазынадан 570 млн теңге бөлінді. Алайда Жұмысшы кенті тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Көп ұзамай көпірдің үстінде салынған плиталардың арасы алшақтап, тесіктер пайда бола бастады. Өткен жылы қалалық әкімдік қайтадан қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ өтпе жолдың жағдайы жақсарған жоқ.

«Көпір күрделі жөнделгенге дейін үстіндегі асфальт төсемесі шұрық-тесік болса да қазіргіден жағдайы жақсырақ еді. Күнде таңертең, түс, кеш мезгілдерінде көлік кептелісі болады. Көлігіміз де жиі сынатын болды. Салықты төлеп жатырмыз. Бірақ жағдай жасалмайды. Әкімдік көпірді қалай жөндетіп, оны қалай қабылдағанына таңым бар», - дейді қала тұрғыны Бауыржан Дайыров. 

ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК ТЕСІКТЕРДІ УАҚЫТША ҚҰМ-БЕТОН ҚОСПАСЫМЕН ЖАУЫП ҚОЙДЫ

Көпір - қала ішімен өтетін теміржолдың үстінде орналасқан. Күрделі жөндеуден өткеннен кейін бірнеше жылдан соң үстіндегі бетон тіреуіштер сөгіліп, плиталар бір-бірінен алшақтай бастаған. Соның кесірінен деформациялық тігістер сөгілді. Кепілдікке берілген мерзім өтіп кеткендіктен, билік өкілдері бұрынғы мердігерлерді жауапқа тарта алмады. Сондықтан былтыр жыртықты жамау үшін бюджеттен тағы 21 миллион теңге бөлген еді. Ізінше жаңа мердігерлер құрылыс барысында шұңқырларды картон қағазбен жауып, жұрттың сынына ілікті. Енді араға жарты жыл салып, асфальт қайтадан езіліп жатыр. 

«Бұл көпірмен күнде өтемін. Басынан аяғына дейін қиғашынан жатқан алты шұңқыр кездеседі. Айналып өте алмайсың. Себебі, көпір тар. Көлігімді әбден бітірді. Әкімдік осындай жұмыстарды қалай қабылдайды? Тіпті бұл сауалға жауап табу қиын», - дейді Петропавл тұрғыны Денис Казанский.

 «Бюджеттің ақшасы кетті, ал көпір сол қалпында қалды. Біз салық ретінде төлейтін қомақты қаржыға жұмысты неге дұрыс істемейді?! Жауапты тұлғалардың жауапсыздығы әбден қажытты. Қарапайым көпірді де дұрыс жөндей алмайды», - дейді Феодор Ильич.

КӨПІРДІҢ АШЫЛҒАНЫНА 60 ЖЫЛДАН АСТЫ

Көпірдің салынғанына 60 жылдан асқан. Мамандардың айтуынша, жаңасын салуға 1,5 млрд теңге қажет. Бірақ көпірдің жөнделуін тиісті деңгейде қадағалай алмаған жаупты мекемелер құрылыс жұмыстарының олқылықсыз өтуіне кепілдік бере ала ма?

«Биылғы жылы ешқандай қаражат бөлінбейді, себебі жұмыстардың барлығы кепілдемеге сай жасалады. Ауа райы қалыпқа келгеннен кейін асфальт жабындысы жабылады. Оны құм-бетон қөоспасымен уақытша жауып қойдық»,- дейді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Құрылысшы мамандар да көпірді жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілмегенін айтып отыр. Бірақ мердігерге айыппұл салынбады.

«Былтыр ашылып қалған деформациялық тігіс – картон қағаздармен жабылып, үстіне құм төселді. Соның кесірінен қағаз суда шашылып қалды. Тесіктер қараса, астындағы теміржол рельстері көрініп тұратын. Бұлай жөнделгені жарамайды. Қанша қағаз салып, құммен бекітсе де ол уақытша нәрсе. Енді міне еріген қар жасырған шұңқырлар шығып жатыр. Оны тағы құммен бітеп қойды», - дейді құрылыс компаниясы директорының орынбасары Александр Найман.

Әкімдік жаз маусымында көпірдің қалыпқа келтірілетінін жеткізді. Бірақ оның қайтадан бүлініп, деформациялық тігістерінің одан әрі алшақтап кетпесіне кепіл жоқ.

АСФАЛЬТ ҚАРМЕН БІРГЕ ЕРІП КЕТТІ

Петропавлда күн жылына бастағалы бірнеше көшеде асфальт опырылып, жер астына түсіп кетті. Жұмабаев және Бөкетов көшелерінде алып шұңқырлар пайда болды.

«Былтыр күзде Бөкетов көшесінде құбыр жөнделді. Көше бірнеше ай жабық жатты. Сонда жол жөнделмей қалып қойды. Жол онсыз да шұрық тесік еді. Енді оған үлкен шұңқырлар қосылды. Осы жерде мектеп бар. Балалар түсіп кетсе не болады?! Бізде асфальтті жөндейді, сосын құбыр жарылады. Оны жөндеу үшін жаңа жасалған жолды қайта бұзады. Үнемі осылай жалғаса береді. Бұл жұмысты реттеуге болмай ма екен?! Қаншама ақша желге ұшып жатыр», - дейді Петропавл тұрғыны Айбек Мырзаханов.

Петропавл қаласының тұрғындары жолдың нашарлығына жиі шағымданады. Қыс бойы қармен уақытша бітеліп жатқан шұңқырлар ашылып, көлік жүргізушілерін тағы да әуреге салуда.

Серіктес жаңалықтары