Зейнетақы жинағының ең төменгі шегін ұлғайту Президент идеясының беделін түсіреді – депутат
Жеткіліктілік шегін арттыру 2022 жылғы 1 сәуірге дейін кейінге қалдырылған болатын
Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегін арттыру мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы күндері баршамыз Отбасы банктегі үлкен кезектердің куәсі болдық. Үш күннен кейін зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін олардың шегі көтеріледі. Халық арасында қарадан-қарап тағы да дүрлігу пайда болды.
Өткен жылғы желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтары жеткіліктілігінің ең төмен шегін арттырғаны бәріміздің есімізде, бұл үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Оның үлкен болғаны сонша, тіпті Президенттің араласуына тура келді. Соның нәтижесінде, жеткіліктілік шегін арттыру 2022 жылғы 1 сәуірге дейін кейінге қалдырылды», - деп жазды Мәжіліс депутаты.
Сөзін жалғай отырып, теңге бағамының девальвациясы мен зейнетақы жинақтарының құнсыздануы аясында шектерді ұлғайту азаматтардың наразылығы мен түсінбеушілігін туғызатынын айтып өтті.
«Осыған орай, «AMANAT» партиясының Фракциясы ең төменгі жеткіліктілік шектерін қайта есептеу ұсынысымен депутаттық сауал жолдаған болатын, бұл, сайып келгенде, олардың айтарлықтай азаюына алып келетін еді. Бірақ, өкінішке қарай, біз сауалымызға формальды жауап алдық. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу Мемлекет басшысының идеясы болғанын еске салғым келеді. Ол халықтың мықты қолдауына ие болды. Мыңдаған азамат тұрғын үй сатып алып, ипотекасын өтеді, емделу ақысын төледі – бұл нақты әлеуметтік әсер. Жеткіліктілік шектерін 2 есе дерлік орынсыз ұлғайту іс жүзінде Президент идеясының беделін түсіреді. Қарадан-қарап шынайы реформадан азаматтардың наразы болуы үшін жаңа себеп пайда болды.
1 сәуірге дейін мүлде аз уақыт қалды. Бірақ ЕХӘҚМ және БЖЗҚ тағы да үнсіз. Шешімдер, түсіндірулер мен талқылаулар жоқ. Ең төмен жеткіліктіліктің жаңа шектері тағы да халық үшін тосын сый болмақ әрі олар қазірдің өзінде Отбасы банкте кезекке тұр. Теңге бағамының девальвациясы мен зейнетақы жинақтарының құнсыздануы аясында шектерді ұлғайту азаматтардың наразылығы мен түсінбеушілігін туғызады», - деп жазды Аманжан Жамалов.
Ол зейнетақы жинақтары ең төмен жеткіліктілігінің ағымдағы шектерінің қолданылу мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуға шақырды.
«Күрделі экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің Төрағасы ретінде Үкіметті зейнетақы жинақтары ең төмен жеткіліктілігінің ағымдағы шектерінің қолданылу мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуға шақырамын.
Алдағы уақытта ең төмен жеткіліктіліктің шектерін арттыру негізі ретінде жылдық инфляцияны пайдалану және жыл сайын қайта қарау керек, кемінде азаматтарға нені күту және қалай жоспарлау керектігі түсінікті болады. Бұған қоса, дағдарысқа қарсы және әлеуметтік шара ретінде азаматтарға зейнетақы жинақтарын автокредиттері мен тұтынушылық кредиттерін өтеу үшін пайдалануға уақытша рұқсат беруді ұсынамын.
Бұл ретте, әрине, мұндай пайдалану шарттарын нақты жазу қажет. Мәселен, егер адам шынымен де кірісін жоғалтып, кредитке қызмет көрсету бойынша қиындықтары болса, соның салдарынан азық-түлікке, киім мен балаларына үнемдесе. Бұл адам зейнетақысы туралы ойланатын жағдай емес екені анық. Өзінің жинақтарын алып, қарыздарынан құтылуға мүмкіндік беру керек. Оның үстіне, мемлекет кез келген жағдайда оған базалық зейнетақыға кепілдік береді», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты.