Астанадағы Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңарту бойынша қымбат жоба тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жобаға 91 миллиард теңге қаржы қажет болған

Фото: qazweek.kz

Елордадағы қыруар қаржыны талап еткен Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңғырту жобасы тоқтатылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлады "Хабар24". 

Оның айтуынша, бұл -Қазақстан үшін тиімсіз. Әрі Нұр-Сұлтандағы шамадан тыс кептеліс мәселесін де шешпейді.  

Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың жазында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елорданың басты көшелерінің бірін кеңейту жобасын ұсынған болатын. "Салтанат Сарайынан" әуежайға дейінгі жолды 8 жолаққа дейін ұлғайту көзделген. Оған 91 миллиард теңге қаржы қажет болған. Оның бір бөлігін Қытайдың Экспорт-импорт банкінен алу жоспарда болған. Алайда қазақстандықтар жобаның шектен тыс қымбаттығына наразылық білдірген. 

"Бұл мәселе кептелісті түбегейлі шеше алмайтын еді. Мұндағы мәселе өзгеше. Елордадағы кептелісті шешудің басқа да жолдарын қарастыру қажет. Қабанбай батыр мен Мәңгілік ел, Тұран даңғылындағы қозғалыс ағыны туралы түрлі ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Сарапшылардың ұсыныстары зерттеледі. Бұл жолды кеңейтуге қатысты дұрыс шешімді жариялайтын боламыз", – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.