63 түлек наурызда ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды

Azattyq Rýhy

Білім және ғылым министрлігі көктегі ҰБТ-ның аралық нәтижелерін жариялады

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев наурыз айындағы ҰБТ-ның аралық нәтижелерін бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Талапкерлердің 65%-ы шекті балл жинады. Орташа балл 65 балды құрады, ең жоғары балл – 134. 28 қатысушының нәтижесі 130 балдан асты», - деді Руслан Емелбаев.

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тестілеуге қатысуға 105 мыңға жуық өтініш келіп түскенін, оның жартысынан көбі ҰБТ тапсырып үлгергенін атап өтті.

«74,2%-ы қазақ тілінде,  25,6%-ы орыс тілінде,  0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті», - деді Р. Емелбаев.

Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 130 бала қатысты. 2022 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациялары өзгермеген. Олар:

«Математика-Физика» (25%),
«Химия-Биология» (17%).
 Ең аз таңдалатын комбинация «Химия-Физика» (0,13%).

Бұл пәндерді тапсырып «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасын таңдауға болады.

«63 адам - смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен айырылды.
135 адам - тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды», - деді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.

Тестіленушілер телефондарды, құлаққаптарды, смарт-сағаттарды, шпаргалкаларды және калькуляторларды алып кірмекші болған. Калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестелері компьютерге жүктелгендігін қайтадан естеріңізге сала кетейік.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.