$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Арал теңізінде су көлемі ұлғайып келеді – министрлік

Бұл өз кезегінде балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр

Арал теңізінде су көлемі ұлғайып келеді – министрлік

1960-1980 жылдар аралығындағы кезеңде Амудария мен Сырдария өзендерінің жоғарғы ағысында гидроэнергетиканың дамуы Арал теңізінің қажеттіліктерін ескермей, жылына 60 км3-ке тең тарихи ағымның орнына Арал теңізіне су ағынын 9-12 км3-ке дейін қысқартуға әкелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Ғасыр жобасы» деп аталған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңін іске асырды.

Жобаны іске асыру барысында келесі нәтижелерге қол жеткізілді: Солтүстік Арал теңізінің бөгеті (Көкарал бөгеті), Әйтек құрылыс кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды, және де Қызылорда, Қазалы қалаларының гидротораптарында, Шардара және Арнасай су қоймаларының бөгеттерінде құрылыс жұмыстарының едәуір көлемі жүргізілді.

Осыған байланысты Арал теңізінің солтүстік бөлігіне ағатын су көлемі ұлғайды, Арал өңірінің көптеген биологиялық түрлері қалпына келтірілді, ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарды.

Жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде:

- Сырдария өзені арнасының өткізу қабілеті 350-ден 700 м3/с дейін артты.
- Арал теңізінің солтүстік бөлігін географиялық климат түзуші объект ретінде сақтау мақсатында:
- теңіздің құрғаған түбінің аумағы 870 км2 көлемінде (2414 км2-ден 3288 км2-ге дейін) су айнасымен жабылған;
- теңіздегі су көлемі 11,5 км3-ке (15,6 км3-тен 27,1 км3-ке дейін) артты;
- судың минералдануы 23-тен 17 г/л-ге дейін төмендеді;
- Ирригациялық және көлдік жүйелердің сумен қамтамасыз етілуі артты;
- Шардара бөгетін пайдалану қауіпсіздігі және Шардара СЭС-інің жұмыс режимі тұрақтандырылды (қысқы уақытта электр энергиясын өндіру ұлғайды).
- Арал өңірі мен халқының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды.
- жергілікті балық түрлерінің дамуы артып, бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасалды;
- аулау көлемі 0,4-тен 6 мың тоннаға дейін ұлғайды және перспективада балық аулауды 11мың тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.
- Өзендегі қолданыстағы құрылыстардың сенімділігі артты, оларды пайдалану мерзімі ұзартылды, су тораптарының пайдалану сипаттамалары жақсартылды.
- Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің биоалуантүрлілігі қалпына келтірілді.

Бұл өз кезегінде көлдерді қалпына келтіруге алып келді және де балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берді. Бұрын теңізде жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қалпына келтіріліп, балық аулау көлемі 400-ден 7 мың тоннаға дейін өсті.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» екінші кезеңінің жобасы дайындалуда. Жобаны іске асыру барысында: гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау, сондай-ақ Арал теңізіндегі балық питомниктерін қайта құру жоспарлануда», - делінген ведомство хабарламасында.

 
Серіктес жаңалықтары