Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда – Үкімет басшысы

Автор: Azattyq Rýhy

Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб агроөнеркәсіптік кешен мәселелерін қарады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметі сілтеме жасап хабарлайды.

Отырыс аясында Жедел штаб мүшелері ҚР агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) саласының бірқатар шұғыл әрі жүйелі мәселелерін талқылады, атап айтсақ: көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қаражат бөлу; ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізу логистикасының негізгі проблемалары.

Отырыста қазіргі сыртқы саяси ахуалдың әлем елдерімен қатар Қазақстанда да ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде техниканың, тұқымның, генетикалық материалдың, минералды тыңайтқыштардың және т. б. өнімдердің қымбаттауына түрткі болып отырғаны атап өтілді. Премьер-Министр Ә. Смайыловтың тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап аммиак селитрасының бағасы тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді.

Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, республикалық бюджетті нақтылау аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге сомасында қосымша бюджеттік кредит бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Фермерлердің кепіл мәселелерін шешу мақсатында қажетті өтімді кепілдіктері бар астық және майлы дақылдар нарығының трейдерлері арқылы аграршыларға кредит беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Отандық азық-түлік қауіпсіздігін күшейту аясында ҚР АШМ басшысы импорттық тәуелділікті төмендету үшін отандық тұқым сұрыптарын әзірлеу бағдарламасы туралы хабарлады.

Ведомство басшысының айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тұқымдарды өсіру жөніндегі жол картасын әзірледі.

«Қысқа мерзім ішінде отандық тұқым сұрыптары ғылымын дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама қабылдау қажет. Тұқым сұрыптары сапасызданып, өнімділік төмендеп барады. Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда. Бұл жағдайда қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды», — деді Министрлер кабинетінің басшысы.

Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін тауарлық-материалдық құндылықтарды уақытылы жеткізу мақсатында қосымша вагондармен қамтамасыз ету және Ресей Федерациясынан тұқым импорты бойынша жеткізудің балама бағыттары мәселесін пысықтау тапсырылды.