Істің анық-қанығы тексеру нәтижесінде белгілі болады
Шымкент қаласында энергиямен жабдықтайтын 4 бірдей мекеме күдікке ілінді. Олар өзара сөз байласып, тұтынушыларға электр қуатын әртүрлі тарифпен таратқан. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысында тіркелген компаниялар шымкенттік кәсіпорындарға қызмет көрсетіп, нарықтың үштен бір бөлігін қамтыған. Монополист компаниялар өзге бәсекелес ұйымдарды тұншықтырып, бағаны қалауынша өзгертіп отыруы мүмкін, дейді мамандар. Сәйкесінше түрлі кәсіпкерлік субъектілері жапа шегіп, табысының бір бөлігінен қағылады. Істің анық-қанығы тексеру нәтижесінде белгілі болады.
«Қазір енді 2-3 айдың төңірегінде тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тұтынушылардың құқықтарын қаншалықты бұзғанын анықтап, бәріне баға береміз. Ол жерде айтатын болсам тек әкімшілік құқық бұзушылықтар емес және қылмыстық кодекстің кейбір баптарымен де жауапкершілік белгіленген. Ондай фактілер анықталатын болса біз құқық қорғау органдарына жолдаймыз», - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті басшысының орынбасары Ернар Қосбаев.