Қарағанды облысында 350-ден астам науқас донорға зәру

Azattyq Rýhy

Оларға сау жүрек пен бауыр, бүйрек керек

Қарағанды облысында 350-ден астам науқас донорға зәру
Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысында 350-ден астам науқас донорға зәру. Олар жүрек, бүйрек пен бауырларын шұғыл ауыстыруы тиіс. Алайда Қазақстанда қаза тапқан туыстарының мүшелерін өзгеге қиятындар сирек.  Сондықтан жыл сайын ондаған адам донорды күте-күте көз жұмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, бақилық болған жандардың дене мүшесін науқасқа салу елімізде сирек кездеседі. Көп жағдайда оған ешкім келісе қоймайды.  Сондықтан, бұл лотореядан ұтыс шыққанмен  бірдей. Биыл 15 адам донорды күте-күте  өмірден озған.   

«Тіпті Пәкістан, Иран, Индия секілді мұсылман мемлекеттерінде де қайтыс болған туыстарының мүшесі арқылы басқа бір адамның өмірін құтқару сауап деп саналады. Алайда бізде оны түсіне бермейді. Адамның ми жасушалары өлген соң оның басқа сау дене мүшелерін алуға болады ғой. Елімізде заң бойынша кез келген тұрғын емханаларға барып тірі кезінде өз дене мүшесін қайтыс болған соң өзгеге беруге рұқсат беретін келісімшарт та жасай алады. Алайда ол орындалмайды», - деді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Трансплантология және гемодиализ бойынша штаттан тыс бас маман Салтанат Сариева.

Донор тапшылығынан науқастарды көбінесе жақын туыстары құтқарады.  Медет Қаппаровқа да бір жарым ай бұрын зейнеттегі әкесінің бір бүйрегі салынған. Түркияда жасалған отаға қаржыны қайырымды жандар жинап беріпті. Бірнеше жыл гемодиализге таңылған жігіттің жағдайы біртіндеп  түзеліп келеді. Осылайша әкесі жалғыз ұлы мен екі немересіне бақыт сыйлады. Медет енді өз тәжірибесімен әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, жарым жандарға көмектескісі келеді.

Қарағанды облысында   350 -ден астам адам донорға зәру. Оларға сау жүрек пен бауыр, бүйрек керек. Мамандар мен науқастар адам өмір сыйлаудан артық қайырымдылық  жоқ екенін айтады. Егер қазақстандықтар адамгершілік танытып, көз жұмған  туысының  сау мүшесін беріп, өзгеге өмір сыйласа,   жыл сайын ондаған адамды құтқаруға болар еді дейді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.