Ақтөбеде ТЖД 40 адамды құтқарды
Оның жетеуі - бала
Ақтөбеде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардан 40 адам құтқарылды. Оның жетеуі бала. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар қызметі түні бойы құтқару жұмыстарын жүргізді. 21-наурыз күні Хромтау ауданы Белқопа ауылынан 8 шақырым қашықтықта 6 көлік қалып қойды. Аудандық төтенше жағдайдар қызметінің мамандары 19 адамды құтқарды. Олардың екеуі бала.
«Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл аудандарында да авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді. Төрт жеңіл көлік ішінде 16 адам болған. Оның екеуі бала. Сонымен бірге Алға мен Әйтеке би аудандарында екі көлік бұзылып, жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетілді», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ырғыз ауданы Доңғалақ қыстағынан шығып, адасып кеткен бақташы жоғалып кетті. Құтқарушылар 57 жастағы ер адамды Жаныс би ауылынан 9 шақырым қашықтықтан тапқан. Боранды күні адасып кеткен бақташы дін аман.
«Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көктем туғанмен күн райы әлі де бұзылып тұрғанын ескертеді. Егер алдын ала хабарландыру болса, жолға шықпауға кеңес береміз», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.