Петропавл жылу орталығындағы апат: жоғалған әйелдің денесі табылды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Марқұмды іздестіру жұмысы екі тәуліктен астам уақыт созылды

Петропавл жылу электр орталығындағы апат кезінде жоғалған әйелдің денесі табылды. Марқұмды бетон үйіндісінің астынан алып шығуға 2 сағатқа жуық уақыт жұмсалды. Жұмысшыны іздестіру жұмысы екі тәуліктен астам уақыт созылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні кешке Петропавл жылу орталығының алып мұржасы опырылып түскен болатын. Бетон үйінді 1,3 мың шаршы метр жерді алып жатты. Кәсіпорын жұмысшыларын түгендеу кезінде 1984 жылы туған әйелдің жоқтығы анықталған. Ол жылу орталығында тексеруші-машинист болып жұмыс істеген. Апат болған уақытта кезекшілікте болған. Марқұмның артында 15 жастағы баласы қалды.

«СҚО ТЖД қызметкерлерінің күшімен апат орнында іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталды. Кейін оларға Нұр-Сұлтан қаласының жедел-құтқару жасағының мамандары қосылды. Көмекке кинологтар да келді. Жұмыс күрделі жағдайларда жүргізілді. Деформацияланған темір-бетон еден плиталар, зақымданған түтін мұржасының фрагменттерінің құлау қаупі жағдайды қиындатты. Ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкіндігі болған жоқ, бөлшектеуді құтқарушылар шанцты және гидравликалық құралдарды пайдалана отырып қолмен жүргізеді. 22.03.2022 ж. сағат 10.32-де құрылыс конструкцияларының үйінділерінің астынан әйелдің жансыз денесі табылды. Сағат 12.05-те мәйіт үйінділердің астынан шығарылды және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін берілді», - делінген СҚО ТЖ департаменті таратқан мәліметте.

Төтенше жағдай департаметнінің психологиялық қызмет тобы марқұмның туыстарымен жұмыс істейді.

Петропавлда апат болған жылу электр орталығының директоры мен бас инженері қамауға алынғанын осыған дейін жазған болатынбыз. Күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.