Қазақстандық балуандар Францияда өткен жарыста 5 медаль алды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі балуан алтын жүлдеге, бір балуан күміс жүлдеге, екі балуан қола жүлдеге ие болды

Фотода: Нұрмахан Тінәлиев, informburo.kz

18-19 қаңтар күндері Ницца (Франция) қаласында грек-рим күресінен Гран При бәсекесі өтті. Турнирге қатысқан қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері халықаралық додада бес медальға қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі хабарлайды.

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін Аманғали Бекболатов пен 77 келіге дейінгі салмақта кілемге шыққан Демеу Жадыраев алтын медаль иеленсе, 130 келіге дейінгі салмақта күрескен балуан Нұрмахан Тінәлиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Жансерік Сәрсенбиев (55 кг) пен Алмат Кебіспаев (67 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.