Қазақстан ЕАЭО-да сертификаттар беруде бақылауды күшейтуді талап етеді – Сауда министрлігі
Қазақстандық делегация бұл нарықты сапасы төмен импорттық тауарлармен толтыруға ықпал ететінін айтты
Қазақстан тарапының бастамасы бойынша 17 наурызда ЕЭК Кеңесі отырысының күн тәртібіне ЕАЭО аумағында «сұр» сертификаттарды таратуға қарсы іс-қимыл туралы мәселе енгізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде тауарларды еркін өткізу бизнес үшін кез келген мүше мемлекеттің сертификаттау жөніндегі органдарына жүгіну, сол арқылы өз тауарларын «бестік» нарықтарына жеткізуге рұқсат алу мүмкіндігін көздейді. Алайда, сертификаттар түрлі бұзушылықпен берілген фактілер де кездеседі.
Мысалы, қауіпсіздікке талап етілетін зертханалық зерттеулерсіз немесе аккредиттелмеген зертханаларда сынақтардың «хаттамалары» қоса беріледі. Сондай-ақ 1 тәулікте сәйкестік туралы 1 декларацияға тауарлардың ірі партиялары: 137 тонна кептірілген жүзім, 52 500 жұп қолғап, 23 568 шампунь, 1,1 мың метр кабель және т. б. ресімделетіні туралы фактілер атап өтілді.
Қазақстан делегациясының басшысы Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ЕАЭО құжаттарына сынақтарды тек аккредиттелген зертханаларда фото және бейнетіркеудің міндеттілігі туралы нормаларды енгізуді, сынақтар хаттамаларының электрондық тізілімін жасауды жеделдетуді ұсынды. Сондай-ақ өз қызметін тоқтатқан органдар берген сәйкестік құжаттары үшін жауапкершілік белгіленсін.
Сонымен қатар, «бестік» елдерінде «жылдам сертификаттар» жарнамасының барлық түрі мен нысандарына тыйым салу ұсынылды.
Қазақстандық делегация өкілдері осы проблемаларды атап өтіп, бұл нарықты сапасы төмен импорттық тауарлармен толтыруға ықпал ететінін жеткізді. Бұл өз кезегінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Қазақстан ұсынған шараларды қабылдау тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын арттырады, апаттылықты төмендетеді, нарықты қауіпті тауарлардан қорғайды, ойынның бірыңғай қағидалары бойынша өндірушілердің адал бәсекелестігін дамытуға және ЕАЭО елдерінің зертханалық базаларын дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Қазақстандық өндірушілер тауарлардың қауіпсіздігін растау нарығындағы ойынның әділ ережелеріне мүдделі. Сондықтан сертификаттарды беруді бақылауды күшейту нарықтың барлық адал қатысушыларына тиімді», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
Тараптар аталған проблемаларды шешу бойынша шаралар кешенін және екі ай ішінде тиісті іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеуге келісті.