Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлицке пәтер кілті табысталды
24-ші қысқы олимпиада ойындарында ел атынан 40-қа жуық спортшы өнер көрсетті
Пекинде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлицке пәтер кілті мен 5 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарына 700-ге жуық спортшы қатысты. Тау шаңғысы мен шаңғы жарысы, биатлон, сноуборд, шана хоккейі мен арбадағы керлинг секілді спорттың 6 түрінен бас-аяғы 78 медаль сарапқа салынды. Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы жалпыкомандалық есепте 17-ші орынға тұрақтады. Жалпы, аспан асты елінде ұйымдастырылған 24-ші қысқы олимпиада ойындарында және 13-ші паралимпиада ойындарында ел атынан 40-қа жуық спортшы өнер көрсетті. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов паралимпиадада өнер көрсеткен петропавлдық паралимпиадашылармен кездесті.
«Біздің спортшылар сайысқа түскенде бәріміз алаңдадық. Қола медаль алып, еліміздің абыройын асқақтатқан Александр Герлицке құрметім ерекше. 2018 жылы Сашаның жеңіс тұғырына шығу үшін сәл ғана қалғаны есімізде. Биыл ол әлемдегі ең мықты спортшылардың бірі екенін дәлелдеді. Ербол Хамитовпен бірге командалық эстафетада олар бесінші орынды иеленді. Мұның артында үлкен еңбек, жаттығу, өз алдына қоя білетін талап пен мақсат тұр. Жас спортшыларға, қиын жағдайға тап болған адамдарға үлгі көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді Құмар Ақсақалов.
Александр паралимпиада ойындарына екінші рет қатысып отыр. 4 жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеге көп дайындалыпты. Жалпы аталған жарыс оңайға соқпағанын айтады.
«Бұл менің ғана емес, барша команданың жеңісі деп санаймын. Әсіресе, жеке бапкерім Антон Ждановичке шексіз алғысымды білдіремін. Онымен бірге көп еңбектендік. Алматы және Шучинск қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жалпы жарыс қиын болды. Себебі, жасанды қардың үстінде өнер көрсету оңай емес. Бірақ, соған қарамастан бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырыстым. Алдағы жоспарым ауқымды. Келесі жылы Швеция елінде өтетін Әлем чемпионатына қатысатын боламын», - дейді Александр.
Жиын барысында Александр Герлиц облыс әкімінен Борки кентіндегі шаңғы базасында кәсіби деңгейде айналысу үшін күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. Паралимпиада ойындарына ел намысын қорғағаған Ербол Хамитов, Сергей Усольцев те назардан тыс қалған жоқ. Оларға 1.5 миллион теңгенің сертификаты мен құрмет грамотасы табысталды
Эльмира Мәмбетқызы