Қазақстанда қамауда отырған ер адамға шетелден пошта арқылы есірткі жіберілді

Azattyq Rýhy

Қазір сотқа дейінгі іс жүргізу басталды

Есірткі қылмысы бойынша қамауда отырған ер адамға пошта арқылы шетелден бір келі синтетикалық есірткі жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін хабарланғандай, көлік полициясы қызметкерлері қаңтар айында жалға алынған пәтерде синтетикалық есірткі шығарумен және оны таратумен айналысқан ақтөбелікті ұстаған болатын. Сол кезде көлік полицейлері заңсыз айналымнан бір келіге жуық «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісін тәркіледі.

Аталған факті бойынша күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ер адам тергеу изоляторына тоғытылғанына қарамастан, көлік полициясы жедел іс-шараларды жүргізуді жалғастырып, ұсталғанның атына шетелден келіп түскен пошта сәлемдемесін анықтады. Оның ішінен бір келі синтетикалық есірткі (скорость) табылды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.

Қылмыстық іс аясында көршілес елдердің ішкі істер органдарының қолдау көрсетуімен  сәлемдемені жөнелтуші мен басқа да адамдарды анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.