Еуразиялық экономикалық одақ аясында шетелден автокөлік кіргізуді бақылау тәртібі қандай?
Сауда және интеграция министрлігінің жауабы
Жеңіл автокөлік импортына Бірыңғай кедендік тариф бойынша бекітілген импорттық баж салығы салынады. Ол 12,5% бен 20% аралығында немесе қозғалтқыш көлемінің әр 1 текше сантиметріне 0,32 еуро-3,2 еуроны құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, импорттық баж салығы автокөлік қозғалтқышының көлемі мен шыққан жылына байланысты болады.
«Армения мен Қырғызстан ЕЭО-ға кіргенде арнайы келісімшартқа сәйкес осы мемлекеттерге жеңіл автокөліктерді уақытша кіргізуге төмен импорттық баж салығы бекітілді. Бұл Арменияда 10%, Қырғызстанда 10% немесе автокөлік қозғалтқышының 1 текше сантиметрі үшін 0,14-1,4 еуроны құрайды», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, төмендетілген баж салығымен кіргізілген автокөліктер шетелдік тауар саналады. Мұндай автокөліктерді ЕЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің территориясына тек автокөлік тіркелген мемлекеттің азаматтары ғана уақытша кіргізе алады. Ал мұндай автокөліктерді басқа азаматтардың мемлекетке кіргізуіне, пайдалануға алуына кеден салығының айырмасын төлегеннен кейін ғана рұқсат етіледі.