$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері қандай – ресми орган өкілдерінің жауаптары

Экспортталатын және импортталатын тауарларға қатысты жаңа нарық көздері іздестірілуде

Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері қандай – ресми орган өкілдерінің жауаптары
Фото ашық дереккөзден

Ресейге салынған санкцияларға байланысты елімізде қант өніміне қатысты ажиотаж болғанына бір аптадай болды. Осыған байланысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген АШМ мен Сауда комитетінің өкілдері Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – бұл ұлттық қауіпсіздіктің ең негізгі бөлігі. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет тарапынан өте ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі кезде Қазақстанның азық-түлігіне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Ішкі нарық қажетті төлемдермен толыққанды өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, ішкі нарықтағы бірнеше тауар импортқа тәуелді. Бірақ бұл тауарларды ішкі нарықта толықтыру бойынша жылдан-жылға жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір ешқандай тауар бойынша тапшылық жоқ. Ең маңызды тауарлардың бәрі – тұрақтандыру қорлары мен сауда орталықтарында бар. Еліміздің қорында 1,3 миллион азық-түлік қоры бар. Сиыр еті, тауық еті мен жұмыртқа сияқты әлеуметтік тауарлардың ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге қауқарлы көлемдерінің барлығы бар», -деді АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директоры Назгүл Хатепова.

Сондай-ақ маман елімізде құс еті, жұмыртқа мен күнбағыс майы, Ресей санкциясына байланысты дәнді-дақыл өнімдері қымбаттайды деген ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Ішкі нарық өзіміздің отандық өнім есебінен астық өнімдерінің барлық түрімен бірнеше есе артығымен қамтамасыз етілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 наурыздағы көрсеткіш 9 миллион тонна астық дақылдары бар екенін көрсетіп отыр. Яғни, ішкі нарықтағы ұнды өңдеуші кәсіпорындар, құс, мал шаруашылығы кәсіпорындары азықтық бидай немесе мал азықтық бидайға қатысты тапшылық көріп отырған жоқ. Ресеймен шекаралас аймақтарда логистикалық мәселелерге қатысты Ресейден алынып келген шикізат есебінен жұмыс істеген ұнды қайта өңдейтін кәсіпорындарда бірқатар проблема бар. Бірақ ішкі нарықтағы азық-түлікті ең көп өндіретін СҚО, Ақмола, Қостанай облыстарында өндірілген бидай есебінен жұмыстарын жүргізуге толық қабілетті», - деді АШМ өкілі.

Ал, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев Ресей санкциясынан логистика қызметінің жұмысы баяулап қалды деді.

«Ресейге салынған санкцияларға қатысты бірқатар қиыншылықтар туындауда. Логистика тоқтап, кейбір тауар жеткізілімдерінің тізбегі тұралап тұр. Одан бөлек, экспорт пен импортқа қатысты тауарлардың жаңа нарығын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір порттар жабық, логистикадағы байланысты жақсарту жұмыстары қолға алынды», - деді Сауда комитетінің төрағасы.

Серіктес жаңалықтары