Әуе компаниясы 12 наурызда рейстердің болмауына қатысты уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады
Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы бүгіннен, яғни 13 наурыздан бастап Ресейге рейстерін қайта орындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«QAZAQ AIR әуе компаниясы Ресейге жоспарланған барлық рейстің 2022 жылдың 13 наурызынан бастап қайта орындала бастайтынын хабарлайды. Билеттерді брондау www.flyqazaq.com сайты арқылы алуға болады.
2022 жылдың 12 наурызында рейстердің болмауына қатысты уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. QAZAQ AIR авиакомпаниясы қазақстандық және халықаралық стандарттарға сәйкес ұшу қауіпсіздігі бойынша барлық талапты сақтап отыр», - делінген компания хабарламасында.
Еске салайық, әуе компаниясы 12 наурызда сақтандыру мәселесі шешілмейінше Ресей Федерациясына жоспарланған рейстердің тоқтатылатынын мәлімдеген болатын.