Qazaq Air әуе компаниясы Ресейге ұшатын рейстерін тоқтатты

Azattyq Rýhy

Компания өкілдері жолаушыларға билет құнын толық қайтарылатынын жеткізді

 
Qazaq Air әуе компаниясы Ресейге ұшатын рейстерін тоқтатты
Фото: ашық дереккөзден

Qazaq Air әуекомпанияы 12 наурыздан бастап Ресейге ұшатын барлық рейсін тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy авиакомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап,

«Qazaq Air әуекомпаниясы сақтандыру ұйымынан Ресей аумағында және оның әуе кеңістігінде сақтандыру өтелімінің берілмегені туралы хабарлама алды. Осы жағдайға байланысты компания сақтандыру бойынша мәселе шешілгенге дейін Ресей аумағының үстінен ұша алмайды. Сол себепті Новосібірге ұшатын бүгінгі рейс (2022 жылғы 12 наурыз) тоқтатылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Компания өкілдері жолаушыларға билет құнын толық қайтарылатынын жеткізді. 

«Билеттерді қайтару сатып алған жерлері бойынша жүзеге асырылып жатыр. Егер ұшу құжаты авиакомпанияда сатып алынған болса, info@flyqazaq.com электронды поштасына хабарласу қажеттігі айтылды. Қайтаруға өтініммен бірге бронь нөмірін және байланыс деректерін көрсету керек. Билет агенттіктен сатып алынса, сатып алған жерге хабарласу қажет», - делінген хабарламада.

Компания сондай-ақ алдағы күндері кестеде болуы мүмкін өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етіп отыратынын, ұшу қауіпсіздігі бойынша қазақстандық және халықаралық стандарттардың барлық талабын орындап отырғанын мәлімдеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.