Мүгедектікті белгілеу бойынша 9,6 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды – министрлік
Қазіргі уақытта жобаға 487 медициналық ұйым қосылған
Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде ағымдағы жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінен 9 609 өтінім қаралды. Қазіргі уақытта жобаға 487 медициналық ұйым қосылған. Бұл туралы Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ қызмет көрсетушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.
Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 17 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске қосылды.
Мүгедектік тобын белгілеу бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі керек, ал қалған процестер Ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
«Бұрын денсаулығынан айырылған азаматтарға мүгедектікті белгілеу және техникалық құралдар (бұдан әрі – ОТҚ) мен оңалту қызметтерін алу үшін әртүрлі инстанцияларға жүгінуге тура келетін. Мәселен, алдымен – тексеру үшін емханаға, содан кейін мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне, содан соң мүгедектік белгіленгеннен кейін – жәрдемақы тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та және ОТҚ мен оңалту қызметтерін алу үшін әкімдікке жүгінуге мәжбүр болатын. Содан кейін кейде бірнеше айға созылған мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіледі. Осылайша, азаматтар техникалық құралдар мен қызметтерді уақтылы ала алмады, сондай-ақ олардың сапасына әрдайым қанағаттанбады.
Енді пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, ал медициналық-әлеуметтік сараптама емханадағы дәрігерлердің қорытындысы негізінде оның қатысуынсыз қашықтықтан жүргізіледі. Жәрдемақы мүгедектік тобы белгіленгеннен кейін автоматты түрде тағайындалады. ОТҚ және оңалту қызметтері 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз бетінше таңдай алады және тапсырыс бере алады, ал мемлекет олардың құнын өтейді. Порталдың арқасында кезектілік процестері айқын болды, кейбір жағдайларда тауарлар мен қызметтерді ұсыну мерзімі жарты жылдан 2 аптаға дейін қысқарды», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Бұған дейін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ербол Оспанов пилоттық жоба арқылы 2022 жылы мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай көрсетілетін қызметтерді мүгедектігі бар адамдардың 20%-ына дейін жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.