Жаңаөзен қаласының тазалығына жауапты шенеунік жазаланды
Оған 306 мың теңге айыппұл салынды
Жаңаөзен қаласының тазалығына жауапты шенеунік жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аймақтың экология департаменті лауазымдық қызметін толық атқармағаны үшін қала әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевке әкімшілік іс қозғады. Оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 306 мың теңге айыппұл салынды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Маңғыстау облысында ғарыштық мониторинг арқылы 103 рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгілгені анықталды. Соның 38-і Жаңаөзен аумағынан табылды. Уәкілетті орган бұл қоқыс алаңдары тез арада тазаланбаған жағдайда жауапты тұлғаға шара қолданылатынын ескерткен.
«Жаңаөзен қаласында тек 4 қана орын тазаланған. Алайда белгілі бір орындарға тапсырылғандығы туралы ақпараттар жоқ. Олар тек барлығын бір жерге жинақтап, сосын барып жою жұмыстарын жасайын деп отыр екен. Негізгі уақыт мезгілі тамыз айында болатын. Уақытында орындамағаны үшін біз Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасарын 344-баптың 2-тармағы бойынша жауаптылыққа тартқан болатынбыз», - деді өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Айдос Жүсіпов.