ШҚО-да бұлғын аулаған адам үш жылға қамалуы мүмкін

Azattyq Rýhy

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған

Осы жылдың ақпан айының басында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алтай ауданы ПБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы рейд кезінде заңсыз аң аулады деген күдікпен 59 жастағы аудан тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұсталған адам 2021 жылдың желтоқсан айының басында өзінің омарта шаруашылығына барғанда, онда бұлғындар мекендеп алғанын көрген.

Сәтті пайдаланып қалайын деген ер адам, үйінен 4 қақпан алып шығып, шаруашылықтағы үйшікке кірген іздің бойымен қақпан қойып аңдыған. Сол кеште қақпанға бұлғынның бірі түсіп, келесі күні қалған  үшеуі түскен. Тұзаққа түскен аңдардың терісін сыпырып, етін иттеріне берген.

Жауап алу барысында ер адам кінәсін толық мойындаған. Аталған аңды аулауға тыйым салынғанын біле тұра, лицензиясының жоқтығына қарамастан, заң бұзған. Жануарлар дүниесіне келтірілген шығын 450 мың теңгеден асты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі «Заңсыз аң аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, осы баптың санкциясы бойынша 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.