Антикор қызметкерін қуған полицейлер жұмыссыз қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған полицейдің мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзғаны себеп болған көрінеді

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысында Антикор қызметкерлерін қуған патрульдік полиция экипажы қызметінен босатылды. Бұл туралы полицейлердің бірі жасаған бейнеүндеуден белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода өзін Жаңабек Жұмабекпін деп таныстырған полицейдің айтуынша, ол 2019 жылдан бастап Жаңаарқа ауданының полиция бөлімінде жұмыс істейді. Полицейдің сөзінше, Антикор қызметкерін қуғаннан кейін ол қызметінен босатылған. 

"29 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкері мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына ұшырады, кейін оқиға орнынан қашып кетті. Оны тоқтатқан кезде алкоголь деңгейін өлшейтін құрылғыға үрлеуден бас тартты. Қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, қызметкерлерді қорқытуға тырысты, оларға былапыт сөз айтты. Бұл видеоға жазылған. Осыдан кейін ол қан тапсырды, орташа мас екені анықталды. Бірақ осыған қарамастан, басшылық бізден хаттама жасамауды және номенклатуралық іске жазбауды талап етті. Олардың бірі - ұсталған адамның құдасы. Біз болған оқиғаны жасырмадық, оны жоғары басшылыққа жеткіздік. Осыдан кейін мені және менің серіктесімді қызметтен заңсыз босатты", - дейді полиция қызметкері өзінің бейнеүндеуінде.

Сондай-ақ, полицей Антикор қызметкеріне қатысты әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылмағанын мәлімдеді. Ол жағдайды анықтап, әділет орнатуды сұрады. Сонымен қатар, полиция қызметкері бұған дейін ешқандай тәртіптік жазаға тартылмағанын және адал жұмыс істеп келгенін айтты. 

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі полицейдің видеоүндеуіне түсінік берді. Ведомство өкілдері атқарып отырған лауазымынан босауы оның жұмыстан шыққаны емес екенін атап өтті.

"Жаңаарқа ауданының полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Оған әкімшілік іс жүргізу бойынша қызметтік материалдар мен дәлелдемелер түсірілген бейнеожетон жазбасын таратқаны, нормативтік емес лексика қолданғаны және мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзғаны себеп болды. Тергеу нәтижелері бойынша патрульдік полиция экипажы тәртіптік жазаға тартылып, атқарып отырған лауазымынан босатылды. Бұл қызметкерлерден басқа, олардың тікелей басшылары да лауазымдарынан босатылды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ, баспасөз қызметіндегілер полицей артынан қуған 38 жастағы жүргізушіге қатысты әкімшілік материал сотқа жіберілгенін қосты.