Қыс мезгілінде республикалық жолдарда 400-ден астам көлікке көмек көрсетілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қар құрсауында қалған 1 мыңнан аса адам «Қазақавтожол» мекемесінің жылыту тіректеріне жеткізілген

Қыс мезгілінде республикалық жолдарда 400-ден астам көлікке көмек көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq rýhy ИИДМ-ге сілтеме жасап. 

Күнтізбе бойынша көктем келгенімен, еліміздің басым бөлігінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Республикалық жолдарда биылғы қыста ауа-райына, яғни боран, тұман, жолдарда көріністің нашарлауына байланысты 467 рет көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

Жолдарды күтіп ұстауға 1090 арнайы техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар, осы мезгілде 78 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқан, 4802 уақытша жол белгілері орнатылды. 8 мыңнан аса шақырымда қар үйінділері, 114 мың шақырым қар траншеялары ұйымдастырылды. Көктайғақ жолдарға 20 мың тоннадай тұз, 57 мың мекше метр құм, 500 тонна химиялық реагент себілді.  

Сондай-ақ, қыс басталғалы қиындыққа тап болған 400-ден астам көлікке көмек көрсетілді. 168 техника жылы бокстарға, 1 мыңнан аса адам «Қазақавтожол» мекемесінің жылыту тіректеріне жеткізілді.