Алғыс айту күні: Шымкентте бір миллион құрт пен бауырсақ таратылады
Мегаполис тұрғындары көктемнің алғашқы күнін атап өтіп жатыр
Шымкент қаласының тұрғындары көктемнің алғашқы күнін атап өтуге Этноауыл тарихи кешеніне жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қыстан аман шыққан ағайын әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастырған мерекелік қойылымына куә болды. Алтыбақан теуіп, дәстүрлі әннен шашу шашылды.
Қаз-қатар тігілген киіз үйде дастарханнан дәм ұсынылды. «Алғыс саған, туған ел!» атты шарада түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтты. Бірлік пен достықтың, қайырымдылықтың жарқын мерекесінде тұрғындарға арнап бауырсақ пен құрт дайындалады. Осылайша 1 миллион құрт пен 1 миллион бауырсақ қаланың әр аумағында арнайы таратылмақ.
"Қазақ халқында жақсы қасиет бар. Жылдың басын қалай қарсы алып, той қылып қарсы алсаң жыл бойы тоқ болып жүресің деген. Сондай мақсатта ауыз тигізу, еліміздің бұрыннан келе жатқан ескі дәстүрін жаңғыртып, жаңа форматта халыққа қазақтың дархандығын, қонақжайлылығын көрсету", – деді Қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының басшысы Бақтияр Спанов.