Халықпен өзара байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет – Асхат Оралов

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмыстарын жандандыру көзделген

«Nur Otan» партиясы халықпен өзара байланысты күшейту мақсатында өңірлердегі партия филиалдарының жұмысын жандандырмақ. Бұл туралы бүгін партияның кезектен тыс өтіп жатқан XXII Съезінде Атқарушы хатшы Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, Nur Otan-ның жұмысына жаңа серпін беру үшін партияны модернизациялау бағдарламасы әзірленген.

«Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық – қазіргі таңда қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы. Осыған орай, партияны модернизациялау бағдарламасының жоспары дайындалды, оның негізгі бағыттарын айтып беруге рұқсат етіңіздер. Біріншіден, халықпен өзара байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет деп санаймыз. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек. Сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар тым ұқсас болғандықтан оларды біріктіруді ұсынамыз. Республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда – 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады», - дейді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалар тартылады.

«Қоғамдық қабылдаудың шалғайдағы елді мекендерге жүйелі түрде бару тәжірибесі енгізіледі. Бұл жұмысқа партия белсенділері – Парламент пен мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, филиал жетекшілері тартылады. Бұл барлық жұмысты проактивті форматқа аударып, халықты барынша қамту көзделген», - деді «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы.

Белгілі болғандай, жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмыстарын жандандыру көделген.

«Бастауыш партия ұйымдары (БПҰ) – партияның тірегі. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асты. «Аудандық бастауыш ұйымдарды» құру арқылы БПҰ-ны біріктіру жоспарлануда. Белсенділігін, ұтқырлығын және жауапкершілігін арттыру үшін БПҰ төрағаларының бағалауын және рейтингін енгізу ұсынылады. Бастауыш ұйымдардың бастамаларын қолдау мақсатында жергілікті жерлерде партиялық жобаларды іске асыру үшін БПҰ-ға партиялық жарналардың 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізу ұсынылады», - дейді Асхат Оралов.