БҰҰ Бас Ассамблеясының Украина бойынша арнайы сессиясы өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Сессия өтуі үшін Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің тоғызы жақтап дауыс беруі керек

Фото: Reuters

Дүйсенбі, яғни 28 ақпанда Украинадағы жағдайға қатысты қарар жобасын талқылау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының кезектен тыс сессиясы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Басылымның халықаралық ұйымдағы дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлауынша, бұған дейін АҚШ БҰҰ-ға жексенбі күні Қауіпсіздік кеңесін шақырылымын өткізу туралы өтініш жолдаған болатын. Оның аясында Украинадағы жағдай бойынша Бас ассамблеяны өткізу мәселесіне қатысты процедуралық дауыс беру өтуі тиіс.

Сессия өтуі үшін Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің тоғызы жақтап дауыс беруі керек, ал вето құқығы бұл жағдайға қолданылмайды.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен сөйлескен кезде Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беру құқығынан айыруға шақырған болатын.