SWIFT Еуропа елдерінің шешімін орындауға дайындалып жатыр
Еуроодақ АҚШ, Ұлыбритания және Канадамен бірлесе отырып, ресейлік кейбір банкті SWIFT жүйесінен ажыратуға, сондай-ақ РФ Орталық банкінің активтеріне тыйым салуға ниетті
SWIFT халықаралық банкаралық жүйесі Батыс елдері бекіткен және ресейлік банктерге бағытталған шараларды қабылдауға дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Reuters агенттігі SWIFT мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз жаңа санкцияларға ұшырайтын ұйымдар туралы толық ақпарат алу үшін еуропалық билік органдарымен біріге жұмыстар атқарып және оларды заңды рәсімдерден кейін жүзеге асыруға дайындалып жатырмыз», - делінген хабарламада.
Сенбі күні кешке Еуропалық комиссияның (ЕК) басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың АҚШ, Ұлыбритания және Канадамен бірлесе отырып, ресейлік кей банкті SWIFT жүйесінен ажыратуға, сондай-ақ Ресей Федерациясының Орталық банкінің активтерін бұғаттауға және ресейлік бизнесмендерге осы шараны қолдайтын елдердің нарығында активтерін пайдалануға тыйым салуға ниетті екенін мәлімдеді.