Күдіктілер елік етін жолда лақтырып кеткен
Солтүстік Қазақстан облысында еліктерді атқан браконьерлер тәртіп сақшыларынан қашып құтылмақ болды. Бұл туралы СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, 20 ақпанға қараған түні Тимирязев ауданында қорықшы орман маңындағы жолда «JAC» пикабын байқайды. Көлікке екі адам атып алған жануардың етін тиеп жатқан. Қорықшының «тоқта» деген белгісіне мойын бұрып та қарамай, олар шетелдік көлікке отырып, тайып тұрған. Табиғатты қорғаушы бірден аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүгінді. Тәртіп сақшылары шұғыл қимылдап, браконьерлердің ізіне түсіп, ұстады. Көлік салонында аңшы қаруы, шанағында қан ізі табылды. Күдіктілер елік етін жолда лақтырып кетіпті.