Шымкентте жасөспірімнен қару табылды
Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте 16 жастағы жасөспірімнен қару табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
23 ақпанда Қаратау ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімі мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп «Бала және отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы бойынша рейд жүргізген.
Нәтижесінде, кәмелетке толмаған жасөспірімнің сөмкесінен қару табылып, куәгерлердің қатысуымен заттай дәлелдеме ретінде тәркіленіп алынды.
Қазіргі таңда 16 жастағы жасөспірімге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласының полицейлері ата-аналарға балаларының тәртібі мен тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік танытуын сұрайды.