COVID-19: былтыр елордада қанша адам инфекция жұқтырды
Елорданың медицинасы коронавирус инфекциясымен қалай күресіп жатыр
2021 жылы елорданың инфекциялық стационарларында 36 015 науқас емделді. Коронавирустық инфекция 135 мыңнан астам адамда анықталды. Мұндай мәліметтер 2021 жылдың қорытындысы бойынша қалалық Денсаулық сақтау басқармасының есеп беру жиынында айтылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Алқа отырысы қала әкімінің орынбасары Берік Жәкеновтің төрағалығымен Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қатысуымен өтті.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім еткендей, өткен жылы ең күрделі кезеңде жалпы саны 4 мыңнан астам төсек-орны бар 16 инфекциялық стационар ашылған.
«Ең жоғары жүктеме 2 712 пациентті немесе 69%-ды құрады, тәулігіне ең көп дегенде 358 адам жатқызылды. Амбулаториялық бақылауда 100 мыңға жуық адам болды. Қысылтаяң кезеңде тәулігіне 14 500-ге жуық қала тұрғыны бақылауда болды. Амбулаториялық науқастарға 241 мобильді бригада медициналық көмек көрсетті», - деді Тимур Мұратов.
Бүгінгі күні қала бойынша Pfizer препаратымен вакцинациялауды есепке алмағанда, бірінші және екінші компонентпен 955 мыңнан астам адам екпе алды.
«15 қарашадан бастап Pfizer препаратымен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер арасында вакцинацияның бірінші компонентін 18 мыңнан астам адам, екінші компонентін 15 743 адам алды. 2021 жылғы 22 қарашадан бастап ревакцинация басталды, осы жұмыс аясында 89 мыңнан астам қала тұрғыны вакцина алды», – деп толықтырды ведомство басшысы.
Тимур Мұратов қазір елорда тұрғындары өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинацияға деген көзқарас жақсарғанын атап өтті.
Бүгінгі күні қала тұрғындарын вакцинациялау және ревакцинациялау үшін егу пунктері 26 бастапқы буын ұйымдарында, сауда кешендерінде («Абу Даби плаза», «Керуен», «Азия Парк») және «Нұрлы Жол» ТЖ вокзалында орналасқан.