Санкцияға ұшыраған банктер арқылы доллармен аударым жасау қауіпті – экономист
Расул Рысмамбетов Ресей банктері филиалдарындағы депозиттерді отандық банктерге аударуды ұсынды

Украина мен Ресей арасында болып жатқан қақтығысқа байланысты белгілі экономист Расул Рысмамбетов қазақстандықтарды банк шоттары арқылы ақша аудару кезінде мұқият болуға шақырды. Нақтырақ айтқанда, сарапшы санкцияға ұшыраған банктердің клиенттеріне құлаққағыс жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Егер сіз өз ақшаңызды аударғыңыз келсе, онда қаражатты қайда аудару керектігін, қандай жолмен аударылатынын және банктің өзін мұқият таңдаңыз. Мен доллар аударымы жететініне кепілдік бермеймін, бірақ теңгенің діттеген жеріне жететіні сөзсіз. Ал долларды қолхат немесе инкассация арқылы аударған жөн», - деп жазды ол өзінің Telegram парақшасында.
Экономист бағалы қағазды сатып алу үшін депозиттерден ақша шешпеуге кеңес береді. Айтуынша, қазіргі кезде қандай да бір тәуекелге барудың қажеті жоқ, тек депозитті қауіпсіз банкке ауыстырған абзал.
«Қазақ банктеріне еліміздегі Ресей банктері филиалдарының депозиттерін жылдам қабылдау үшін жұмыс топтарын құруды ұсынамын. Бұл жерде мәселе бәсекелестікте емес, біздің азаматтарымызға көмектесу керек», - делінген жазбада.