$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлдық тасымалдаушылар қоғамдық көлік билетін үш есе қымбаттатпақ

Кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі уақытта оларға әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға бөлінетін қаражат жетіспейді

Петропавлдық тасымалдаушылар қоғамдық көлік билетін үш есе қымбаттатпақ

Петропавлда қала ішінде жолаушы тасымалымен айналысатын мердігер компаниялар жол жүру билетінің құнын үш есе қымбаттатпақ. Кәсіпкерлер қызмет ақысын 80 теңгеден 240 теңгеге дейін көтеруге ниетті. Тасымалдаушылар оны автопаркті жаңалау үшін сатып алатын техниканың қымбаттығымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР СУБСИДИЯ КӨЛЕМІН 3,5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ҰЛҒАЙТУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар жыл сайын әлеуметтік маңызды бағыттар үшін мемлекет қазынасынан субсидия алады. Биыл Петропавл «Автокөлік одағы» бюджеттен берілетін демеуқаржы көлемін ұлғайтуды талап етіп отыр. Әйтпегенде жол жүру құны үш есе қымбаттайды. Айтуларынша әкімдік бөлген 450 теңге жетпейді. Тасымалдаушылар субсидияны 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды талап етті. Бұл соманы қала түгіл, облыс бюджеті көтере алмасы анық.  

Кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі уақытта оларға әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға бөлінетін қаражат жетіспейді, өйткені көптеген шығындарына лизингтік міндеттемелер де қосылды. Өткен жылы тасымалдаушылар автобус паркінің құрамын жаңартып, 100 автобус сатып алды. Әрқайсысының орташа құны 40 млн теңге. Ұзақ мерзімді лизингкті алуға «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсетті. 

«Субсидияларға қажеттілік бойынша алдын ала есептеулер жүргізілген кезде біздің барлық шығындарымызды егжей-тегжейлі есептеу мүмкін болмады. Өйткені бұрын бізде электрондық билеттеу жүйесі болмаған еді. Жаңа автобустар сатып алу жеткіліксіз болды, заңды негізде субсидия алу үшін электронды билеттеу жүйесін енгізу қажет болды, біз солай істедік. 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап біз бұл жүйені толығымен іске қосып, қыркүйек пен қазан айының жартысында жұмыс істеген кезде, біз сол кездің өзінде жергілікті атқарушы органмен бірге 2021 жылға арналған бюджетте субсидиялауға көзделген қаражат бізге жеткіліксіз болатынын түсіндік. Бөлінген ақша бізге жыл соңына дейін жеткен жоқ. Салдарынан қиындыққа тап болдық. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алдындағы шарттық міндеттемелерді толық көлемде орындай алмадық», – деп түсіндірді «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.

ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР БЫЛТЫРҒЫ ҚАРЫЗДЫ БИЫЛ АЛДЫ

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Автокөлік одағына» төлем жасау бойынша шегерім беріп отыр. Тасымалдаушылар басқа шығындар бойынша қарыздары барын да атап өтті. 

«Яғни, жол жүру құны 80 теңге болған кезде жолаушылар тасымалынан алынатын табыс біздің шығындарымызды өтемейді. Біз электронды билеттеу жүйесінің жобасына кірген кезде жалақыны заңдастырдық. Егер электронды билеттеу жүйесін енгізгенге дейін жүргізушілердің жалақысы орта есеппен 70-100 мың теңгеге аралығында болса, бұл жүйені енгізгеннен кейін 280 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар, ол ресми жалақы болды. Сәйкесінше, біздің салық шығындарымыз өсті. Яғни, қазір бізде жүктеме айтарлықтай өсті, сондықтан жергілікті атқарушы орган жоспарлаған 450 млн теңге субсидия біздің шығындарымызды өтемейді. Тек лизингтік төлемдер бойынша шығындар жылына 1 млрд теңгені құрайды», - деп жалғастырды Галина Семенова.

Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау – бұл жергілікті бюджетке түсетін салмақты ауырлататынын түсінетінін жеткізді. Сондықтан олар депуттатармен өткен кездесуде республикалық бюджеттен лизингтік төлемдерді субсидиялау мақсатында трансферт бөлу немесе тасымалдаушыларға әлеуметтік маңызы бар маршруттарға бөлінетін субсидиялар сомасын ұлғайту мәселесін шешуде көмек беруді сұрады. 

«Барлық жайтты қамтып, ұсыныс жасаңыз, біз оны өз деңгейімізде көтереміз. Тағы бір мәселе Қаржы министрлігі бізді қаншалықты қолдайтынын білмеймін, өйткені бюджет шығындары есептеліп болды. Бірақ ол нақтыланатынын да атап өтейін. Мені қызықтыратын жалғыз сұрақ, бұл ұсыныс неге «Автокөлік одағынан» түсіп отыр? Егер жергілікті бюджет пен облыстық бюджет бұл жүктемені көтермесе, онда жергілікті атқарушы орган мен бюджеттік комиссия бұл мәселені көтеруі тиіс. Өйткені тариф көтерілсе, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түседі», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев бюджет қаржысын оңды-солды шашу дұрыс емес деп есептейді. Оның пікірінше, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына салмақты тексеріс керек. 

«Бұл соманы бөлу-бөлмеу мәселесін жан-жақты талдау керек. Бұл республика қазынасының өзіне салмақ түсіреді. Қазір не тарифті көтеру немесе субсидия бөлу мәселесін шешу керек. Салаға демеуқаржы құю – тоқтамай жалғаса беруі мүмкін.  Осылайша мемлекет жеке кәсіпкерлердің проблемасын мойнына алып, олардың тұрақты жұмыс істеуін және пайда табуын өз мойнына іліп алады. Галина Семенованың айтуынша, жол ақысы 240 теңге болуы керек. Бұл ақылға сыйымсыз сома. Және субсидия барлық бағытқа емес, әлеуметтік маңызы бар бағыттарға ғана компенсация ретінде беріледі. Бұған кіретін 12 категория бар. Әкімдік тасымалдаушыларды бақылай алмай отыр. Ешқандай тексеріссіз, сөз жүзіндегі ақпаратына сеніп, ақша бөле береді. Мұндай субсидияны не үшін төлеу керек? Өйкені қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарған жоқ және барлық бағытқа жаңа автобустар алынған жоқ. Бұл кәсіпорындарды тексеріп, жақсы аудиторлық тексеріс жүргізу керек. Бұған дейін олар көлеңкеде жұмыс істеп келді. Енді субсидия сұрап отыр», - дейді Павел Афанасьев. 

Былтыр тиімсіз бағыттарға қызмет көрсеткен тасымалдаушылар қала әкімдігінен тиісті субсидияны уақытында ала алмай Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік палатасына шағымданған болатын. «Автокөлік одағы» өкілдерінің айтуынша бөлінген тренсферттің өзі қолдарына уақытылы тимейді. Әкімдік 307 млн теңгеден астам қаражатты кешіктіріп қайтарды.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары