«Мас күйде суға секірмеңдер»: Құтқарушылар жан мен тәнді сумен тазарту күні азаматтарды сақ болуға шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Православиелік мереке үшін биыл Алматыда арнайы 10 орын белгіленді

Фото: ашық дереккөзден

Суға шомылу арқылы тәні мен жанын тазартқысы келген православтардың қауіпсіздігін жүздеген адам қамтамасыз етпек. «Крещение господне» православиелік мерекесі үшін биыл Алматыда арнайы 10 орын белгіленді деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.

Аязды күні суға шомылатын азаматтарды оқыс оқиғадан құтқаруға биыл 350 қызметкер мен 44 арнайы техника бөлінді. Алматыдағы Христа Спасателя приход шіркеуінің жетекшісімен бірлесіп брифинг өткізген төтенше жағдайлар депаратментінің өкілдері азаматтарды арақ ішіп, мас күйде суға секірмеуге шақырды. Қаланың әр түрлі жерлерінде арнайы дайындалған  шомылу орындары түн ортасына дейін ашық болады. Даладағы  шомылу орындарының барлығында жылыту бекеттері ұйымдастырылмақ.

«Судағы төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, арнайы белгіленбеген жерлерде өз бетімен, бейберекет суға шомылмауға, мас күйінде суға түспеуге, құтқарушылар мен дәрігерлердің қатысуымен шомылуға кеңес береді. Ұзақ уақыт суық суда болғанда буындардың тартылып қалатынын, сондай-ақ, суық суға бірден түскен кезде жүректің кенет нашарлауы мүмкін екендігін де есте сақтау керек», - деп ескертеді Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметі.

Мереке кезінде крещениелік суға шомылу орындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, Алматы қаласының құтқару қызметі, Республикалық жедел құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы және медицина қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Тегтер: