Биыл көктемде 285 елді мекенді су басуы мүмкін – ТЖМ
385 елді мекенге төнетін қауіп азайтылды

Биыл көктемде ауа райына байланысты 431 мыңнан астам адам тұратын 285 елді мекенде су басу қаупі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.
«Қазгидромет» РМК алдын ала болжамды деректері бойынша жалпы ылғал қорының көлемі Ақмола облысындағы Сілеті өзенінің бассейндеріндегі орташа көп жылдық мәннің нормасынан 25%-ға, Қостанай облысындағы Қараторғай және Торғай өзендерінің бассейндерінен 12-57%-ға және Батыс Қазақстан облысындағы Шежін-2 және Шыңғырлау өзендерінің бассейндерінен 20-22%-ға жоғары. Жалпы су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру 340 елді мекенді су басу қаупі алынып, 385 елді мекенге төнетін қауіп азайтылды», дейді министр.
Оның айтуынша, су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне жедел ден қою мақсатында саны 10 мың адам және 1 700 бірліктен астам техника азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды.