Сарыағашта 10 шақты ауыл жылыжай түтініне тұншығып отыр

Azattyq Rýhy

Шенеуніктер Сарыағашта түтіндетуді азайтыңдар деп ескертуден арыға аса алатын құзырлы орган жоқ деп ашық айтады

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында он шақты ауыл жылыжайлардан шыққан түтінге тұншығып отыр. Себебі, баспаналар салынуы тиіс учаскелерге жылыжайлар орналасып, көрші үйлердің тынысын тарылтып отыр. Ал егін егетіндер өнімдері үсімесін деп, алты ай бойы тәулігіне кем дегенде 14 сағат көмір жағады екен. Бұл туралы аудан тұрғындары КТК арнасына айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енді көкөніс өсірушілер мен тынысымыз тарылды деген тұрғындар жиі жанжалдасатын болған. Өзбекстанмен шекаралас Жібек жолы ауылында бос жатқан жер жоқ. Жайылым түгілі, баспаналар түсуі тиіс аумақтың бәріне жылыжайлар түскен. Ал қазаннан бастап сәуір айының ортасына дейін түні бойы от жағылып, тұрғындар түтінге тұншығып, «үйден шығудан қалдық» деп отыр.

Соңғы бірер жылда жылыжайлар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптапты. Ауқымы ұлғайған соң шығатын түтін де көбейіп, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында жиі жанжал болады. Тұрғындар көмір жағатын кәсіпкерлерге сүзгі орнатуды талап еткенімен, пайдакүнем кәсіпкерлердің қоршаған ортамен шаруасы жоқ деп налиды.

Тұрғындардың арызымен құрылған комиссия түтін шығатын мұржаларды 15 метрден кем болмасын десе де, мұндағы ең ұзын деген мұржа алты метрден аспайды екен. Жылыжайға көрші тұрған үйлердің біріне бас сұқтық. Мәселен, кеше кешкісін ғана жиналған су тұтынуға келмейді, күлге толы. Ал үйлердің сыртын күйе басқан. Жылыжай иелері түтіннің зиян екенін «жақсы білеміз» дейді. Бірақ сүзгісі бар қондырғы сатып алу үшін мемлекет жәрдем берсін деп отыр. Аудандық шенеуніктерден де көмек сұрапты.

 Шенеуніктер Сарыағашта түтіндетуді азайтыңдар деп ескертуден арыға аса алатын құзырлы орган жоқ деп ашық айтады.

 «Жоқ, бізге жазбаша шағым түскен жоқ. Тек ауызша. Енді ол қаншалықты зиян келтіретінін, зияны бар-жоғы туралы мен маманы болмаған соң, ол  туралы айта алмаймын. Шешімі: шаруалар жұмыстарына түсіндіру жүргізсін», - деді Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлайдар Әмірханов.

 Егер жазбаша арыз түссе ғана экологтарды шақыртып ауа сынамасын аламыз деп отыр. Бірақ екі жыл бұрын экология департаментінен келген мамандар жылыжаймен айналысатындарға жаппай айыппұл салған екен. Іс осымен жабылған. Бірақ кәсіпкерлер тек айыппұлмен ғана құтылады дегенге наразы тұрғындар енді жаппай қол жинап, жылыжай иелерін сотқа тартпақшы.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.