Күдікті Алматы облысында шартты түрде жазасын өтеген
20 ақпан сағат 23.05-те Түркістан қаласы Полиция басқармасының 102 пультіне жедел жәрдем фельдшерінен жанар жағар-май бекетінің қарама-қарсы жағынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, Түркістан қаласынан Кентау қаласына бара жатқан бағытта, яғни Қызылорда тас жолында жол қақтығысы болыпты. Нәтижесінде жүргізушілердің бірі екіншісін таспен ұрып, өлтіріп қойған.
Күдіктімен бірге көлікте жедел жәрдем шақырған әкесі болған. Келгеннен кейін дәрігерлер жәбірленушінің қайтыс болғанын анықтап, полицияға хабар берген.
Күдікті жас жігіт, Түркістан қаласының тұрғыны, бұрын Алматы облысында тонау қылмысы үшін шартты түрде жазасын өтеген. Оны полиция қызметкерлері қылмыс орнында ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сараптама тағайындалды.
Оқиғаның мән-жайын полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында анықтайтын болады.