$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады

Былтыр дертті кеш анықтаудың салдарынан 38 сәби зағип болып қалған

Елімізде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалына негіз болды. Онда кейбір аймақтарда шақалақтардың көзін тексеретін маман да, арнайы құрал да жоқ екені жазылған. Былтыр дертті кеш анықтаудың салдарынан 38 сәби зағип болып қалған, деп хабарлайды "Хабар24". 

Ретинопатия бұл тек шала туған шақалақтарда кездесетін көз ауруы. Сырқат тез дамиды. Егер бірнеше күн ішінде микрохирургиялық операция жасалмаса, бала соқыр болып қалуы мүмкін. Мерзімінен бұрын туған нәрестелердің көз жанарында осы аурудың бар-жоғын тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы ғана анықтауға болады. Алайда елімізде ондай аурудың ем-домын жасайтын маман да құрал-жабдық та тапшы.  Депутаттар Мәжілісте осыған қатысты бастама көтеріп, білікті маман дайындау қажеттігін айтты. 

"Еліміздің кейбір аймақтарында әлі күнге дейін шала туған нәрестелердің көз жанарын тексеретін маман да, арнайы құрал да жоқ. Ретинопатия диагнозы барын ерте анықтай алмаса, баланың болашақта соқыр болып қалу қаупі бар деген сөз. Бүгінде бұл мәселе еліміздің әрбір перинаталды орталықтарында шешілуі қажет. Ол үшін білікті офтальмолог және арнайы жабдық, лазерлік қондырғылар қажет", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зарина Қамасова. 

Дәрігерлер ретинопатия кеселі бар сәбилерге туғаннан кейін 48-72 сағат ішінде ем-дом жасалуы тиіс, дейді. Алайда елімізде мұны анықтайтын маманның тапшылығы қолбайлау. Қазақстанның 17 өңірінен тек Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары ғана бұл көмекті толық көлемде көрсете алады. Өкінішке орай, кейбір өңірлерде, әлі де тиісті скрининг жүргізілмейді. Былтыр елімізде 1390 шала туылған нәрестелерде осы ауру анықталса, оның 392-і мамандандырылған емдеуді қажет еткен. 

"Бүгінде шала туған нәрестелердің күтімі жақсарған. Осыған байланысты көз жанары аурулары да сирек кездеседі. Дегенмен, салмағы екі келіден кем туған сәбилердің көзін міндетті түрде тексеру қажет. Бұл дерттің бар-жоғын тек білікті офтальмолог маман анықтай алады", – дейді Нұр-Сұлтан қаласының штаттан тыс неонатологы Алтынай Туматова. 

Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, еліміз бойынша осы дертті ерте анықтап, емдеу үшін толық дайындықтан өткен 22 офтальмолог ғана бар екен. Тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Павлодар қалаларында ғана лазерлік емдеу жүргізіледі. Бұдан бөлек Мәжіліс депутаттары ретинопатия аурудының емдеу диагностикасының клиникалық хаттамасының әлі бекітілмегенін де айтып отыр. 

Серіктес жаңалықтары