Мәжіліс депутаты Талдықорғанда жазықсыз адамдардың азапталуына қатысты кездесу өткізеді
Прокуратура осындай мәселеге байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берді
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты пікірін білдіріп, жазықсыз қамауға алынған және азапталған адамдардың мәселесін прокуратура жіті тексеру керек деген ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жыл басында өмірімізге енген саяси «қасіретті қаңтар» оқиғасы Тәуелсіздік жылдарындағы ауыр сын сағаттың бірі болды. Оған ресми баға берілді. Мемлекеттік төңкеріске жасалған қадам деп танылды. Демек, бұл – Тәуелсіздіктің тамырына балта шабылған қадамдар. Радикалдық саяси топтар, нақтырақ айтқанда, діни топтар қара ниет, арам пиғылдарын жүзеге асырғысы келген ауыр зардапты кезең болды. Тіпті бақылаудан шыққан сәтті де бастан өткердік», - деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуынша, күш құрылымдық саладағы қызметкерлердің өзі бейтарап қалды. Сондықтан, Мәжіліс депутаты қаңтардағы ауыр жағдайлар бойынша Мемлекет басшысының нақты шаралар қабылдағанын уақыт дәлелдейтінін жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қаңтар қасіретіне қатысқан азаматтарды азаптаулар көбейіп жатқанын айтып, осы мәселеге қатысты ойын білдірді. Жанарбек Әшімжановтың сөзінше, лауазымын асыра пайдаланған ішкі істер органдары, жалпы құзырлы органдардың қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
«Орынсыз, нақақ жала жабылып жатқан, таяққа түскен бірнеше іске қатысты Президент нақты тапсырма берді. Сөйтіп бірнеше азамат босатылды. Ал енді соққыға жығылып жатқан ауыр азаптаулар қоғамның да, елдің де, жеке азамат ретінде менің де жаныма батады. Ертең Талдықорғанға осы оқиғаға байланысты іссапарға барып, тұрғындармен кездесемін. Елімізде қылмыс жасағаны да, қылмысқа қатыстылығы да заң шеңберінде қаралуы керек. Ал қызметін асыра пайдаланған тиісті ведомство өкілдеріне заң жүзінде бағасы берілуі тиіс. Прокуратура осындай мәселеге байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берген болатын», - деді Жанарбек Әшімжанов.