Қазақстан АЭС салса энергия саласында тәуелсіздікке қол жеткізеді – сарапшылар пікірі
Алматы энергетика және байланыс университетінің базасында Қазақстанда АЭС салу қажеттілігі мәселесі бойынша ғылыми семинар өтті
Қазақстандағы АЭС құрылысының өзекті тақырыбын талқылау қажеттілігін электр энергетикасы және атом энергетикасы саласындағы жетекші сарапшылар талқыға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Семинардың модераторы – 1998 жылы атом электр станциясын салу қажеттігін болжаған ҚР инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Тұрғанбекұлы. Ол әлі де АЭС салу мәселесі өзекті екенін алға тарта отырып, жиын барысында БАҚ өкілдеріне АЭС құрылысын не себепті қолдайтынын айтып берді.
«Мен Қазақстанда атом электр станциясын салуды толық қолдаймын. Біздің саланың жағдайы ауыр. Жылдан жылға кейінге қалдырылған көптеген проблемалар өте көп, тарифтер әрдайым төмен болған, себебі түсінікті – әлеуметтік құраушы бөлік болып табылады. Біз бұрын, оған қоса қазір де елдің оңтүстігінде қуаттың орасан зор тапшылығын бастан кешірген елміз. Қазір Жамбыл ГРЭС-те 200 МВт бойынша 6 блоктың тек 1-3 жұмыс істеуде, ал қалған блоктар газдың жоқтығынан тоқтап тұр. Естеріңізде болса, биыл 25 қаңтарда Оңтүстік өңірде ірі апат болды. Осындай ірі жүйелік апат өткен ғасырда да болған. Бұл апаттың кері әсері Өзбекстан, Қырғызстан мен біздің Оңтүстік Қазақстанға тиді. Аталған ақау күн сайынғы қатардағы өшіріп тастау емес, жүйелік апат. АЭС болғанда, энергия дефициті туындамай, апат та болмайтын еді», - деді Марат Тұрғанбекұлы.
«Энергетика саласында экономикалық тәуелсіздігіміз жоқ»
Сарапшының пікірінше, Қазақстан егемендіктің 30 жылында энергетика саласында тәуелсіздікке қол жеткізе алмай келе жатыр.
«Солтүстік Қазақстан профицитті, ол Ресей Федерациясымен паралелль жұмыс істейді. Барнауыл арқылы Сібірге 500 кВт желі параллель істейді, «Қостанай-энергия» арқылы Троицкке. Балқаштың жоғарғы бөлігіне дейінгі осы аймақтар профицитті болып табылады. Сондай-ақ, Түркістан облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы мен БҚО Қазақстанның энергия желісімен байланыспаған. Өздеріңіз білетіндей, БҚО біздің ұлттық бюджеттің доноры. Осы төрт облыс Қазақстаннан тыс, Ресейдің орталық Волгасымен параллельде жұмыс істеп жатыр. Осыны көріп отырып, экономикалық тәуелсіздік туралы не дей аламыз?! Мен бұл туралы он жыл бойы айтып келе жатырмын. Егемендік алған 30 жыл ішінде бұл мәселені дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Солтүстік пен оңтүстік аймақтарды үш желі байланыстырып тұр. Осы үш желінің істен шығуына байланысты, жоғарыдағы төрт облыс қаңтар айында бірнеше сағат жарықсыз қалды.
Аталған мәселені тиімді шешу үшін, еліміздің оңтүстік аумағына көмірлі генерация базасын салу қажет. Көмірлі генерация салуға инвестор тарту керек. Қазақстанда электр энергия тәуелділігінен бөлек, өзімізге тиесілі газ жоқ. Себебі, елдегі газдың 80% шетелдік компанияларға сатылған. Энергетика министрі 30 жылда бір жаңа газ орындарын да таба алмады. Аталған мекеменің немен айналысқаны түсініксіз... Газ көп дейміз, бірақ әлі күнге дейін Жамбыл ГРЭС-ті толық газбен қамтамасыз ете алмай отырмыз. 2021-2022 жыл Жамбыл ГРЭС толықтай іске қосылуы тиіс еді. Бірақ мәселе шешімін әлі таппай отыр. Газға жауапты министрлікке өтініш – энергетика, газ саласы мамандарымен бірге жиын өткізіп, бір шешімге келейік. Бұл мәселені айта-айта шаршадық. Одан кейін, энергия көздерін қайта қалпына келтіру керекпіз», – деп түсіндірді Марат Тұрғанбекұлы.
АЭС-тің жобалық мерзімі 60 жыл
Талқылау аясында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин АЭС құрылысы бойынша жобаны іске асыру барысы туралы айтып берді.
«Қазір біз Балқаш станциясын тоқсаныншы жылдары қарағанымызға қарағанда алғышарттар әлдеқайда көп. Қазақстан Париж келісіміне қол қойды, ол елдегі «көміртегі ізін» төмендетуге міндеттейді, 2026 жылдан бастап трансшекаралық көміртегі салықтары енгізіледі, яғни лажсыздан біз көмір электр станцияларында электр энергиясын өндіруді қысқартуға тиіспіз, сондықтан Қазақстанға атом энергетикасы қажет. АЭС-тің жобалық мерзімі 60 жыл», - деді директор.
Сондай-ақ, атом энергетикасындағы кадрлық дайындық туралы айтқан ядролық техника институтының өкілдері осы өзекті тақырыпқа қатысты оң пікірін білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті қарарға қол қойылды.
Еске салсақ, осы аптада Қазақстанның энергетика министрі Болат Акчулаков атом электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыру елдегі электр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұған дейін АЭС салу қажеттілігі туралы Қазақстан Президенті айтқан болатын. Бұл энергия тапшылығы мәселесін шешетініне ол да сенеді.
Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған генерация қуаттарының негізгі бөлігі 40 жылдан аса жұмыс істеп, тозығы жеткен. Сондықтан энергетикалық жүйені жаңғырту және атом энергетикасына көшу туралы мәселе ерте ме, кеш пе бәрібір туындайтыны анық.